• 18.06.2026 19:18

ҚАЛА КҮНІ: ШЫМКЕНТТЕ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ АШЫЛДЫ

Автор:jsk.kz

Июн 18, 2026

Шымкенттегі Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанаты өтті. Қала күні қарсаңындағы іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен тұрғындар қатысты.

Жаңа мәдениет үйі жергілікті тұрғындар көптен күткен әлеуметтік нысанға айналды. Жобаның жүзеге асуы қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың және қала әкімінің халықпен кездесулер барысында берген тапсырмаларының нәтижесі болып отыр.

Заманауи мәдени нысан салу мәселесін тұрғындар 2025 жылдың бірінші тоқсанында қала әкімінің көшпелі кездесуі кезінде көтерген болатын. Бірнеше жыл бойы олар мәдени іс-шаралар өткізуге, балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және шығармашылық бастамаларды дамытуға арналған кеңістік құруды сұрап келген.

Бүгінде бұл мәселе өз шешімін тауып отыр. Жаңа мәдениет үйі заманауи талаптарға сай келмеген бұрынғы ғимараттың орнына салынды. Нысан құрылысы демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қалалық ортаны дамытуға қосқан үлесінің жарқын үлгісіне айналды.

Қала әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа мәдениет үйі қоғамдық өмірдің маңызды орталығына айналып, жастардың шығармашылық тұрғыдан дамуына және түрлі мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жаңа мәдениет үйінде мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге, шығармашылық кездесулер ұйымдастыруға және әртүрлі үйірмелердің жұмысын жүргізуге барлық жағдай жасалған. Мұнда вокал, хореография, сәндік-қолданбалы өнер үйірмелерін ашу, сондай-ақ, оқу залын ұйымдастыру және басқа да мәдени-ағартушылық бағыттарды дамыту жоспарлануда.

Нысанның ашылуы Қала күні мерекесі қарсаңындағы маңызды оқиғалардың бірі болып, жергілікті атқарушы органдардың, бизнес өкілдерінің және тұрғындардың өзара тиімді ынтымақтастығының нақты нәтижесін көрсетті. Жаңа мәдениет үйі қоғамдық белсенділіктің орталығына, мәдени іс-шаралар өтетін орынға және тұрғындар арасындағы рухани әрі әлеуметтік байланысты нығайтатын алаңға айналмақ.

Мұндай нысандарды ел игілігіне беру – Шымкентті заманауи, жайлы және қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде дамыту стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл ретте әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіруге және азаматтардың өзін-өзі жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Автор: jsk.kz