Бүгінгі қарқынды дамыған цифрлық дәуірде кез келген тілдің өміршеңдігі, дамуы мен болашағы оның интернет кеңістігіндегі орнымен тікелей байланысты. Жаһандану заманында ана тіліміз тек күнделікті қарым-қатынас құралы ғана емес, заманауи технологиялар, жасанды интеллект және киберкеңістік тіліне айналып келеді. Қазақ тілінің цифрлық әлемдегі орны жыл сайын нығайып, озық инновациялардың тілі ретінде жаңа белестерді бағындыруда. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары қазақ тіліндегі контент көлемі еселеп артып, интернет ресурстар, мобильді қосымшалар мен электронды үкімет қызметтері толықтай дерлік қазақ тіліне көшірілді. Бұл бағыттағы ең үлкен серпілістердің бірі – қазақ тіліндегі ұлттық корпустың дамуы және жасанды интеллект жүйелеріне қазақ тілін енгізу жұмыстары. Еліміздің IT-мамандары мен ғалымдары қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктерін ескере отырып, мәтінді тану, дауысты тану және автоматты түрде аудару алгоритмдерін жетілдіруде. Осы орайда Шымкентте Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Қазақ тілі – цифрлық кеңістікте: технология, инновация, даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды. Жиынға тіл мамандары, педагогтер, IT және жасанды интеллект саласының сарапшылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен жастар қатысты. Басқосуда қазақ тілін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тіл үйрету үдерісіне енгізу, электронды ресурстар мен мобильді қосымшаларды дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар Qazaq Til AI жобасы, виртуалды ассистенттер және басқа да цифрлық шешімдер туралы тәжірибелерімен бөлісті. Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Әбдез Рахманұлы мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту үшін IT жобалар мен заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ жиында қазақ тіліндегі сапалы медиаконтент пен анимацияның маңызы сөз болды. «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Қалдарбекұлы «АЛАН» мультфильмінің жобасын таныстырды. Жиын соңында мамандар қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін сапалы контент қалыптастыру, тілдік деректер қорын жетілдіру және жасанды интеллектінің қазақ тілін сауатты өңдеу мүмкіндігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Jsk ақпараттық агенттігі
