• 14 января, 2026 10:10 пп

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУ ЕШ ҚИЫНДЫҚ ТУҒЫЗБАЙДЫ

Автор:admin

Ноя 23, 2025

Елімізде көптеген өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бір шаңырақтың астында түрлі ұлт пен ұлыстың берекелі жарасым табуы — Қазақстандағы тұрақтылық пен татулықтың айқын көрінісі. Осы ұлттар арасындағы ынтымақтың жарқын мысалы — бүгінгі кейіпкеріміз, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының дәрігер-хирургі Ахметов Аллаһберген. Ұлты әзірбайжан. Ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін тәмамдап, 2019 жылы Ордабасы ауданына дәрігер-хирург болып жұмысқа орналасқан. Бүгінде өз мамандығында бірнеше жылдан бері табанды еңбек етіп келеді.

Аллаһбергеннің айтуынша, аудандық ауруханада жұмыс істеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Соның бірі — ротациялық жүйе. Дәрігерлер әр екі ай сайын емханадан стационар бөлімшелеріне, бөлімшелерден емханаға ауысып отырады. Бұл — мамандардың тәжірибесін кеңейтіп, жолығатын түрлі дерт түрлерімен тереңірек жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйе. «Еңбек жолымды қабылдау бөлімінен бастадым. Жаңадан оқу бітіріп келген кезімде қиындау болды. Себебі науқастардың көбі жедел жағдаймен түседі. Мұндайда саспай, орын алған жағдайды тез бағалап, дер кезінде дұрыс шешім қабылдау қажет. Науқастың жағдайын анықтап, қай бөлімге жататынын, ота қажет пе, УДЗ немесе рентгенге жіберу керек пе — барлығын жедел шешу өте маңызды», — дейді жас хирург.

Хирург мамандығы әрқашан жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Науқастарға дер кезінде ота жасап, нәтижесін бақылау, толық сауығып шығуына жағдай жасау — осы саланың негізгі міндеті. «Шұғыл ота жасап, науқастың өмірін аман алып қалу — біздің ең басты мақсатымыз. Күні-түні дамыл таппай жұмыс істейтін сәттер жиі болады. Сондықтан хирург ең алдымен денсаулығы мықты, физикалық тұрғыдан шыныққан болуы тиіс. Уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, бүгінде барлық қиындықтарды еңсеріп келемін», — дейді Аллаһберген.

Ол өзге этностың өкілі болса да, қазақ тілінде еркін сөйлеуді — әр азаматтың парызы деп санайды. «Менің қазақ тілінде сөйлеуім еш қиындық туғызбайды. Себебі Қазақстанда туып-өстім, достарым да қазақ. Қазақстанда тұрамын деген әр адам қазақ тілін білуі тиіс деп ойлаймын. Бұл — елге деген құрмет», — дейді дәрігер.

Аллаһбергеннің айтуынша, аймаққа қызмет ету — тек кәсіби міндет емес, сонымен бірге елге, жерге деген азаматтық жауапкершілік. Ауылдық жерде дәрігерлерге артылатын сенім ерекше. Әр науқас дәрігердің кәсіби білімімен қатар, жылы сөзі мен қолдауын күтеді. Сол себепті хирург тек емдеуді ғана емес, адаммен тіл табысуды да маңызды санайды.

Жас маман жұмыс істеп жүрген ортаның ұжымдық бірлігі мен қолдауын да ерекше атап өтті. Аудандық аурухана басшылығы мен медицина ұжымы жас дәрігерлерге тәжірибесін бөлісіп, бағыт-бағдар беріп отырады. «Біздің бөлімде өзара сыйластық пен ынтымақ бар. Үлкендеріміз үйретуден жалықпайды, ал біз үйренуден талмаймыз», — дейді Аллаһберген.

 

Алдағы уақытта ол өзінің біліктілігін арттырып, аймақ тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуге үлес қоса беруді жоспарлап отыр. Хирургия саласындағы заманауи технологияларды меңгеріп, тәжірибесін жетілдіру — жас маманның басты мақсаты. «Ең бастысы — халықтың саулығы. Соған үлес қоса алсам, бұл менің ең үлкен жетістігім», — дейді ол.

Елімізде бірлік пен татулықты сақтауда әр азаматтың орны бөлек. Өз кәсібіне адал, тілге құрметпен қарайтын осындай жас мамандар — қоғамға үлгі. Аллаһберген Ахметовтің еңбек жолы — көпұлтты еліміздің береке-бірлігінің айқын дәлелі.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin