Қазақстан жасанды интеллект саласындағы технологиялық тәуелсіздігін күшейту бағытында тағы бір маңызды қадам жасады.
Отандық Stream Solutions компаниялар тобы Қытайдағы ірі өнеркәсіптік холдингтердің бірі — Daqo Group құрамына кіретін Zhenjiang Klockner-Moeller Electrical Systems компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Тараптар жасанды интеллектке арналған жаңа буындағы модульдік және контейнерлік деректер өңдеу орталықтарын (ДӨО) әзірлеу мен енгізуді көздеп отыр. Бұл шешімдер Қазақстандағы және жалпы Орталық Азиядағы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға серпін беруі мүмкін.
Бүгінде әлем бойынша жасанды интеллект жүйелеріне деген сұраныс күрт өсіп келеді. Соған сәйкес қуатты есептеу ресурстарына қажеттілік те артуда. Алайда көптеген елдер белгілі бір өндірушілердің технологиясына тәуелді болып отыр. Stream Solutions осы мәселеге балама ұсынуда.
Компания өз зерттеу және әзірлеу жұмыстары аясында әртүрлі өндірушілердің есептеу үдеткіштері мен бейнекарталарында жұмыс істей алатын аппараттық платформалар жасап жатыр. Яғни жүйелер бір ғана технологиялық экожүйеге байланып қалмайды. Бұл жабдық жеткізу тізбегіндегі тәуекелдерді азайтып, инфрақұрылымды икемді түрде жаңартуға мүмкіндік береді.
Жобаның өндірістік бөлігін Daqo Group қамтамасыз етеді. Компания жоғары сенімділік деңгейіне ие, энергиямен жабдықтау және салқындату жүйелерімен толық қамтылған заманауи контейнерлік дата-орталықтарды шығарады. Ал Stream Solutions бұл шешімдерді жергілікті талаптарға бейімдеп, өз технологияларын енгізіп, жобаларды толық іске асыруға жауап береді.
«Жасанды интеллектті дамыту үшін тек қуатты процессорлар жеткіліксіз. Оларды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін икемді әрі сенімді инфрақұрылым қажет. Біз өзіміздің инженерлік тәжірибемізді Daqo Group-тың өндірістік мүмкіндіктерімен біріктіре отырып, Қазақстан нарығына мүлде жаңа деңгейдегі шешім ұсынып отырмыз. Бұл жай ғана мобильді дата-орталық емес, мемлекеттік органдар мен бизнеске жасанды интеллект технологияларын жылдам әрі тәуелсіз енгізуге арналған дайын платформа», – дейді Stream Solutions өкілдері.
Қазіргі уақытта екі тарап алғашқы жабдықтарды жеткізуге қатысты нақты келісімшарттарды дайындау жұмыстарын бастап кеткен.
Сарапшылардың пікірінше, бұл серіктестік Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші цифрлық хабқа айналу стратегиясына сай келеді. Себебі бүгінде мемлекеттердің бәсекелестік артықшылығы тек бағдарламалық жасақтамамен емес, оны іске қосатын инфрақұрылымның қуатымен де анықталады.
Егер жоба жоспарланған көлемде жүзеге асса, Қазақстан жаңа дата-орталықтарға ғана емес, өз технологиялық мүддесіне сай жұмыс істейтін тәуелсіз жасанды интеллект инфрақұрылымына ие болуы мүмкін. Бұл елдің цифрлық егемендігін нығайтып, өңірдегі технологиялық көшбасшылық позициясын күшейтуге жол ашады.
