Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру, агроөнеркәсіп кешеніне озық технологияларды енгізу және отандық өнімнің қосылған құнын арттыру бағытындағы басым міндеттерді айқындады.
Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Өткен жылы бұл сала шамамен 6 пайызға өсіп, агроөнеркәсіп кешенінде өндірілген өнім көлемі 15 триллион теңгеге жеткен. Сонымен қатар шаруаларды жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру көлемі 1 триллион теңгеден 1,5 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Дегенмен Президент ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қысқа мерзімді қажеттіліктерді өтеумен қатар, өндірісті кеңейтуге және жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін тұрақты қаржыландыру жүйесі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін енгізу міндеті жүктелді.
Агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық белсенділікті арттыру мақсатында «Бәйтерек» холдингі тағам өнеркәсібінде жалпы құны 500 миллиард теңгеден асатын перспективалы жобалар тізімін әзірлеген. Мемлекет басшысы аталған бастамаларды сапалы жүзеге асырып, қаржыландыру мәселелерін жедел шешудің маңызын жеткізді.
Жолдауда ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға да ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, отандық өндірістегі жоғары технологиялық тракторлар мен комбайндардың санын арттыру, заманауи техникаларды кеңінен пайдалану арқылы еңбек өнімділігін көтеру қажеттігі айтылды.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі көтерілді. Президент бұл бағыттағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану өндірісті оңтайландыруға, ресурстарды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға жол ашатынын атап өтті. Ауыл шаруашылығының әлеуетін толық іске асыру Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі маңызды азық-түлік жеткізушілерінің біріне айналуына мүмкіндік береді.
Су ресурстарын тиімді пайдалану және суармалы егіншілікті дамыту да стратегиялық маңызға ие. Мемлекет басшысы ірі су көздеріне жақын орналасқан жерлердің әлеуетін пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есе арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл ретте жаңа алқаптарды игеру барысында су үнемдеу технологиялары мен заманауи агрохимиялық тәсілдерді қолдануға басымдық беру қажет.
Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға да ерекше мән берді. Жолдауда Қызылорда облысында жүгері мен соя өсіріп, оларды өңдеу ісін жолға қойған шаруалардың тәжірибесі, сондай-ақ Түркістан облысында су ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген заманауи мақта-тоқыма кластерін құру жобасы мысал ретінде келтірілді. Үкіметке осындай озық тәжірибелерді басқа өңірлерде де таратып, инвесторларға қажетті қолдау көрсету міндеті қойылды.
Мал шаруашылығында да заманауи технологияларды кеңінен қолдану маңызды. Қазіргі уақытта елімізде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, оларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұдан бөлек, Ақмола облысында халықаралық тәжірибеге негізделген ет кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет басшысы осындай жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оларды сақтау, тасымалдау және өткізу жүйесін жетілдіру де күн тәртібіндегі маңызды мәселе болып отыр. Осыған байланысты ірі кәсіпорындардан бастап шағын шаруа қожалықтарына дейін агрологистикалық орталықтардың қызметтерін кедергісіз пайдалана алатындай жағдай жасау қажеттігі айтылды. «Халықтық құрылыс» аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріледі.
Жолдауда отандық өндірісті қолдау және импортқа тәуелділікті азайту мәселесі де қамтылды. Президент ірі инфрақұрылымдық жобаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды елімізде өндірудің маңызын атап өтті. Мұндай өндірістер «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі тіректерінің біріне айналуға тиіс.
Сонымен қатар Ұлттық қор қаражатын импортты қаржыландыруға бағыттауға жол бермеу қажеттігі айтылды. Инвестиция тарту кезінде озық технологиялары, қажетті тәжірибесі және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігі бар компанияларға басымдық берілуі керек. Мемлекет басшысының ұстанымына сәйкес, инвестицияның тиімділігі іске қосылған өндіріс орындарының саны мен сапасы және олардың экономикаға қосқан нақты үлесі арқылы бағалануға тиіс.
Жалпы, Жолдауда белгіленген міндеттер ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғыртуға, өнімді терең өңдеуді дамытуға, отандық өндірісті кеңейтуге және агрологистиканы жетілдіруге бағытталған. Бұл шаралар еңбек өнімділігін арттыруға, фермерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға негіз болады.
ҚАЗАҚСТАН АГРОӨНЕРКӘСІБІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢҒЫРУ МЕН ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ АРҚЫЛЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ
