• 19 мая, 2024 7:13 пп

Қазақстанда қаржылық сауаттылықты өлшеу үшін жыл сайын әлеуметтанушылық зерттеу жүргізіледі

Автор:admin

Авг 16, 2023

Қаржылық сауаттылық деңгейін жоғарылату экономикалық, әлеуметтік және қаржылық көрсетілетін қызметтерге қолжетілділікті кеңейтеді және әлемдік практикада болашақтағы дағдарыстардың алдын алуға бағытталған қаржылық реформалардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Тұтастай алғанда, қаржылық сауаттылық мәселелерінде көптеген елдердегі әлеуметтік топтар мен нысаналы аудиториялардың басым бөлігінде қажылық білім мен құзыреттіліктің жетіспеуіне байланысты біртекті проблемалар байқалады. Халықтың қаржылық сауаттылығы деңгейінің жоғары болуы азаматтардың тұрмыс деңгейін жоғарылатуға, жеке инвесторлар қаражатының ел экономикасына құйылуына, қаржы нарықтарында бәсекелестіктің дамуына, қаржылық тұрақтылықты нығайтуға және қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Осылайша, Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын әзірлеу халықтың білімді әрі хабардар болуы есебінен оның экономикалық тұрғыдан ұтымды әрекетін ынталандыру үшін өзекті әрі қажетті шара болып табылады, соның нәтижесінде қаржы нарығының көрсетілетін қызметтерін пайдалану арқылы да оның әл-ауқаты мен тұрмыс сапасы артады. Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020 – 2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру саласындағы басымдықтарды, мақсаттар мен міндеттерді, мақсаттарға тиімді қол жеткізу және міндеттерді шешу тәсілдерін, нысаналы аудиторияларды, тақырыптық бағытты және 2020 – 2024 жылдардағы кезеңде Қазақстан Республикасы халқының қаржылық сауаттылығын жоспарлы түрде арттыру үшін пайдаланылатын құралдарды айқындайды. Тұжырымдама Мемлекет басшысының 2020 жылғы 26 ақпандағы Хаттамалық тапсырмасының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы 1.1.3-тармағын орындау үшін дайындалды. Тұжырымдама Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржылық сауаттылықты арттыру стратегиясын әзірлеу және іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасының жол картасы шеңберінде әзірленді. Тұжырымдаманы іске асыру қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржылық білімін жақсартуға, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, қаржы өнімдеріне қолжетімділікті жеңілдетуге, қаржы жүйесіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда қаржылық сауаттылықты өлшеу үшін жыл сайын әлеуметтанушылық зерттеу жүргізіледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы қаржылық сауаттылық деңгейі 36 % болды. Бұл көрсеткіш қаржылық білім мен қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану дағдыларының деңгейлерін, өз қаржы қаражатын басқара білуін және тұтынушылардың қаржы жүйесі туралы хабардар болуын бағалайды. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша қаржылық білім мен көрсетілетін қызметтерді пайдалану дағдыларының көрсеткіші 25 %-ті құрайды және қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдаланудың тұрақтылығымен, сатып алынатын қаржы өнімдерінің талаптарын түсінумен, сондай-ақ шарттық міндеттемелерді уақтылы орындаумен айқындалады. Осы көрсеткіш шеңберінде ел азаматтарының 32 %-інде банктік қарыздар бар және тағы да 33 %-ке жуығы таяу уақытта кредиттерді пайдалануды жоспарлап отыр. Пікіртерім жүргізілгендердің шамамен 39 %-інде қолма-қол жинақ ақша бар, алайда олар депозиттерге кепілдік беру жүйесі жайында хабарсыз. Қолма-қол ақша және ағымдағы шоттардағы қаражат инвестициялық құралдарға қарағанда барынша танымал жинақтау құралы болып табылады – 22 %-і ғана қаржылық инвестициялар салады. Пікіртерім жүргізілгендердің шамамен 63 %-і қаржы туралы білімінің жетпейтінін атап өтуде.

Jsk ақпарат

Автор: admin