• 10.04.2026 16:42

ҒЫЛЫМ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТІРЕГІ

Автор:admin

Апр 10, 2026

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында өткен салтанатты жиында отандық ғылым өкілдерін марапаттап, ғылымның қоғам мен мемлекет дамуындағы шешуші рөліне жан-жақты тоқталды.

Президент өз сөзін мерекелік құттықтаумен бастап, бұл күннің ел үшін маңызы ерекше екенін атап өтті. Ақордада ғалымдардың бас қосуы – мемлекет тарапынан ғылыми қауымдастыққа көрсетілетін жоғары құрметтің айқын көрінісі екеніне назар аударды. Оның айтуынша, кез келген дамыған мемлекеттің іргетасы – ғылым, ал ең басты байлығы – ғалымдар.

Мемлекет басшысы ғылымды дамыту – тек бір саланың емес, тұтас елдің өркендеуінің негізгі факторы екенін ерекше атап өтті. «Ғылымға басымдық беретін ел ғана өркениет көшінің алдыңғы қатарынан көрінеді» деген Президент, адамзат өркениетінің барлық жетістігі ғалымдардың тынымсыз зияткерлік еңбегінің нәтижесі екенін айтты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Президент Абай Құнанбайұлы даналығын мысалға келтіріп, ғылым мен білімнің мәңгілік құндылық екенін жеткізді. Ұлы ойшылдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез арқылы озады» деген қағидасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы еліміздің бәсекеге қабілетті болуы үшін ғылым мен инновацияны дамыту, жаңа технологияларды игеру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажеттігін айтты. Осы орайда Президент биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағанын еске салды.

Президент ғылым саласына көрсетіліп жатқан нақты қолдау шараларына ерекше тоқталды. Соңғы бес жыл ішінде ғылымды қаржыландыру көлемі алты есеге артқан. Бұл – мемлекет тарапынан ғылымға деген көзқарастың түбегейлі өзгергенінің дәлелі. Сонымен қатар, елімізде зерттеу университеттерінің саны артып келеді, ал ғылыми жобаларға инвестиция салатын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Жас ғалымдарды қолдау мәселесі де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Оның айтуынша, ғылымның болашағы – білімді, ізденімпаз және жаңашыл жастардың қолында. Сондықтан жас зерттеушілерге барынша қолайлы жағдай жасау – стратегиялық міндеттердің бірі.

Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалым баспанамен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, оларға арнайы гранттар бөлініп, ғылыми ізденістерін дамытуға мүмкіндік берілуде. Сонымен қатар, жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тәжірибе жинақтап, кәсіби деңгейін арттыруда.

Президент сөзінде талапты жастардың болашақта елдің интеллектуалдық тірегіне айналатынына сенім білдірді. Олар Қаныш Сәтбаев сынды ұлы тұлғалардың жолын жалғастырып, ұлттық ғылымды жаңа белестерге көтеретіні анық екенін атап өтті.

Жалпы, Мемлекет басшысының бұл жиындағы сөзі ғылымның ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін тағы бір мәрте айқындап берді. Ғылымға жасалған әрбір инвестиция – елдің ертеңіне салынған сенімді кепіл. Ал ғалымдарға көрсетілген құрмет – ұлттың зияткерлік әлеуетіне деген құрмет.

Автор: admin