• 28.07.2026 21:41

«ЯСАУИ КЕРУЕНІ» – РУХАНИ МҰРАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ ШАРА

Автор:jsk.kz

Июл 28, 2026

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей қолдауымен бастау алған ұлы ойшыл, сопылық ілімнің көрнекті өкілі Қожа Ахмет Ясауидің рухани-мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан кеңінен насихаттау мақсатындағы «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары Жетісай ауданында өтті.

Ясауи ілімінің өміршең құндылықтарын қоғамға кеңінен танытып, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы жас ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен белгілі ғалымдар, дінтанушылар мен зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.

Аталмыш басқосу Мемлекет басшысының Қожа Ахмет Ясауи мұрасын елімізде және халықаралық деңгейде кеңінен дәріптеу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып, рухани құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Ғалымдар мен сарапшылар Ясауи мұрасының қазақ халқының рухани дүниесіндегі айрықша орнын жан-жақты талдап, оның бүгінгі қоғам үшін де маңызды екенін кеңінен түсіндірді. Әсіресе, ұлы ойшылдың адамгершілік, имандылық, әділдік, сабыр мен ізгілікке үндейтін тағылымының қазіргі жастар тәрбиесінде алар орны ерекше екені айтылды.

Сонымен қатар, «Ясауи керуені» жобасы арқылы Қ.А.Ясауидің тарихи тұлғасын ғана емес, оның рухани мектебін, ұлттық дүниетаныммен біте қайнасқан ілімін халыққа жақындатып, дәстүрлі құндылықтарды жаңа буынның санасына сіңіру екені атап өтілді. Баяндамашылар Ясауи ілімінің қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, жастардың теріс діни ағымдардың ықпалынан сақтануына және ұлттық рухтың бекем қалыптасуына қосар үлесіне ерекше тоқталды.

Семинар аясында қатысушылар рухани тәрбие, ұлттық құндылықтарды сақтау, дәстүрлі дін мен мәдениеттің сабақтастығы жөнінде пікір алмасып, ғылыми-танымдық семинардың өзектілігі туралы ойларын айтты.

Автор: jsk.kz