• 24 ноября, 2025 1:07 пп

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫМЕН БІРГЕ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ АКЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

Автор:admin

Окт 11, 2025

Әр ұлт пен ұлыстың табиғатты пайдалануда, қорғауда ғасыр­лар бойы қалыптасқан өзіндік дәстүрлері, нанымдары, құн­ды­лықтары болатыны белгілі. Бұл әкенің қанымен, ананың сүті­мен ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз дарып отыратын асыл қасиет. «Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі» демекші, қазақ халқының дәстүрінде «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптаскан. Жерді өз анасындай көру, ал анасын күндей қастерлеу – ұлтымыздың нанымы­на тереңінен енген салт. Экологиялық мәдениеттілікті, сауаттылықты дамыту және адамдарға әсіресе, жастарға экологиялық мәдениеттілік қалай біздін өмірімізге маңызды екенін айту біздің парызымыз іспетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында басты мәселенің бірі етіп: «Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек. Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп ерекше тоқталған еді. Осы орайда Шымкент қаласында экологиялық мәдениетті арттыруға және табиғатқа ұқыпты көзқарасты қалыптастыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге «Астана» шағын ауданында көшет отырғызу жұмысына қатысты. Егілген ағаштар қаланың көгалдандыру жүйесін толықтырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастырады.

Іс-шара барысында мегаполис басшысы мұндай игі бастамалардың маңыздылығын атап өтті:

— Ағаш отырғызу – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Мұндай шаралар қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамның бірлігін нығайтады. Әрбір тұрғын өз қаласының тазалығы мен әсем келбетіне үлес қосуы тиіс, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Сондай-ақ, күзгі көгалдандыру маусымы аясында Шымкент қаласының орталық көшелерінде, саябақтар мен гүлзарларда, сондай-ақ аулаларда ағаш отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл шаралар жасыл инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Автор: admin