• 18 мая, 2024 5:52 дп

Шымкент қаласы Абай ауданының жай-күйі қала басшылығының назарында

Автор:admin

Ноя 6, 2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауы қоғамдағы басым бағыттар мен өзекті мәселелерді кең көлемде қамтығаны анық. Атап айтқанда, ұлт мұратының айбыны мен айдыны, қадірі мен қасиеті, тарихы мен тағылымы зор тәуелсіздік құндылығы бар қырынан айрықша мәнге ие болады. Ата тарихтағы даңқты бабаларымыздың арман-аңсарының бедерлі белгісі, «Мәңгілік ел» құру жолындағы жанкешті һәм жауапкершілік жүгі мол күрделі де қастерлі жолдың алтын арқауы – Тәуелсіздік тұғыры, мәні мен маңызы кеше мен бүгін байланысы аясында кең түрде көрсетілді. Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы тұрғындарымен кездесіп, елді мекендерде атқарылған жұмыстармен танысқан болатын. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар баяндалып, алдағы жоба-жоспарлар сараланған болатын. Шымкент қаласының басты жоспарына сәйкес Абай ауданының дамуы өзіндік принциптерге негізделген. Яғни қаланың орталық аймақтары мен шеткі аймақтарының шектесуі дәл осы Абай ауданының аумағында орналасқан. Абай ауданының дамуы қаланың архитектуралық және инфрақұрылым мәселесін біртіндеп шешуге жол ашады. Кездесу барысында Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов инженерлік-коммуникациялық желілер мен инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде газдандыру, сапалы электр қуаты және ауыз сумен қамтамасыз ету, кәріз жүйелерінің құрылысы, жол құрылысы, білім беру мен медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты баяндап берді. –Өздеріңізге белгілі, қала әкімі болып жақында ғана тағайындалдым. Бүгінде қаладағы жағдаймен, жұмыс барысымен танысып, өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешудің жоба-жоспарын жасап жатырмыз. Өзім де халықтың арасында туып-өскен азамат болғандықтан тұрғындарды мазалайтын мәселелермен таныспын деп айта аламын. Жұмыс барысында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, Сіздермен етене байланыста жұмыс істейміз. Шымкенттегі барлық өзекті мәселелер тұрғындардың пікірін ескере отырып, өздеріңізбен ақылдасып шешіледі, – деді Ғабит Әбдімәжитұлы. Кездесудің соңында қала әкімі Ғ.Сыздықбеков тұрғындарды мазалайтын сұрақтарға жауап беріп, өзекті деген проблемалардың шешілуін жеке бақылауына алатынын айтты.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin