• 28 апреля, 2024 10:51 пп

Шымкент қаласының шеткі аймақтарында инфрақұрылым жүйесін жүйелендіру жұмыстары жалғасын тапты

Автор:admin

Ноя 1, 2023

Атап айтқанда, ауыз су бойынша жалпы 12,5 шақырым құбыр жүргізілуі қажет. Қазіргі уақытта құрылыстың 93 пайызы аяқталған, яғни 11,0 шақырым құбыр жүргізілген. 2 шақырымға кәріз жүйесі жүргізілген, яғни жұмыстың 24 пайызы орындалған. 2,5 шақырымға электр қуаты желісі тартылып (құрылыстың 26 пайызы орындалған), 5 шақырымға табиғи газ құбыры (құрылыстың 62 пайызы орындалған) жүргізілген.

– Аталған индустриалды аймақта автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес атқарылуда. Аймақта инженерлік инфрақұрылым және автомобиль жолдарының құрылысын 2023 жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланған, – дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Дәурен Ертай. Сонымен қатар, индустриалды аймақта кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты нысандары салынуда. «Құрылыс компаниясы ШАХ» ЖШС басшылық ететін кірме құрылысының жалпы салынуы қажет 7200 шаршы метрдің қазіргі таңда 69 пайызы орындалған. Ал, қоршаудың жалпы ұзындығы 8733 метрді құраса, бүгінде оның 753 метрі салынған. Мамандар құрылыс жұмыстарының 2024 жылға өтпелі екенін айтады. Айта кетейік, «Жұлдыз» индустриялды аймағына 306 гектар жер қарастырылған. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Бұл 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Дәл осындай жұмыстар «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында салынып жатқан «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағында да қызу жүріп жатыр. 132,9 гектарды алып жатқан индустриалды аймаққа қазір су, кәріз жүйелері кіргізіліп, электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынуда. Индустриалды аймақтың инфрақұрылымын, атап айтқанда, ауыз су және кәріз жүйесі бойынша құрылысты бас мердігер мекеме «Агидель — АС» ЖШС жауапкершілігіне алған. Құрылыс барысында ауыз су жұмыстары бойынша орындалған жұмыстар – 13,5 шақырым, яғни 85 пайызды құрайды. Электр және табиғи газ желісі бойынша құрылысты жүргізетін бас мердігер мекеме – «Электромонтаж» ЖШС-і. Жарық бойынша 8,8 шақырымға электр желісін тарту жоспарланған. Күні бүгінге дейін орындалғаны 6 шақырым, яғни 68 пайызды құрайды. Ал табиғи газ құрылысы бойынша 10,9 шақырымға құбыр тарту жоспарланған.

– Автомобиль жолдарын салу жұмыстары бас мердігер «Отау Строй» ЖШС-і мекемесіне тиесілі. 2 шақырым жолдың қазіргі таңда 1 шақырымының құрылысы аяқталған. Ішкі орамда 7,9 шақырым жол салу жоспарланса, оның 3 шақырымының құрылысы бүгінгі таңда аяқталуға жақын. Ал кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша жоба әзірленуде, – дейді Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы Шоқан Қыдырбекұлы. «Мемлекет басшысы импортқа тәуелділікті азайтуды тапсырған болатын. Аймақта жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл қаламыздағы алғашқы агроиндустриалды аймақ болып құрылады» деп атап өткен болатын. Биыл іске қосылады деп жоспарланып отырған индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мұнда 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin