• 24 ноября, 2025 7:55 дп

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖОО-ЛАРЫНДА ЛУДОМАНИЯМЕН КҮРЕСУ БОЙЫНША ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Автор:admin

Ноя 16, 2025

10-15 қараша аралығында қаладағы жоғары оқу орындарында апталық қорытындысы бойынша жастармен кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің басты мақсаты құмар ойынға тәуелділікті жою. Бүгінгі қоғамның ең өткір мәселелерінің бірі. Жастар мен жасөспірімдердің лудоманияға шалдығуы олардың денсаулығына ғана емес, отбасы мен қоғамдағы орнына да елеулі зиян тигізіп отыр. Осы бағытта Шымкент қаласында құмар ойындардың алдын алу және зардап шеккендерді қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Құмар ойынға тәуелділіктің салдары өте ауыр. Лудоман, ең алдымен, қаржылық күйзеліске ұшырайды. Барлық ақша ойынға кетеді, қарыздары көбейеді, кейде тіпті үйінен, мүлігінен айырылады. Сосын отбасылық дағдарысқа тап болады. Жақындарымен қарым-қатынасы үзіледі, сенім жоғалады, жұмыссыз қалуы да мүмкін. Қиын жағдайда қалған ол ұрлыққа, алаяқтыққа, заңсыз әрекеттерге баруы ықтимал. Бұған қоса, көптеген лудоманда депрессия, мазасыздық, тіпті өз-өзіне қол жұмсау ойы туындайды. Психологтардың пікірінше, ең дұрыс шешім – дерттің алдын алу. Ол үшін балалардың бос уақытын пайдалы істермен толтырып, қаржылық сауаттылықты арттырып, күйзелістен шығудың сау жолдарын үйретіп, спортқа, өнерге, шығармашылыққа баулу қажет және отбасындағы жылы қарым-қатынасты күшейту керек. Жастардың қызығушылығын басқа арнаға бұру өте маңызды. Әр бала өзіне ұнайтын хобби тапса, құмар ойындарға деген қызығушылық әлсірейтінін есепке алуымыз қажет. Лудомания шекара сызығына, қауіпті қорғанысқа қолданылатын тікенек сым секілді. Бір ілінсең шыға алмай, тартқан сайын шырматыла бересің. Ал мұны құмарпаздықтың құрығына түсіп, көзі байланғандар кеш түсініп жатады. Бұл кеселдің асқынып, елдің есін шығара бастағаны соншалық, Мемлекет басшысы лудоманияның арты жақсылыққа апармайтынын, ойынқұмарлықтың ойыныңды осылдырып жіберетінін үнемі айтып жүретін жағдайға жеттік. Осы бағытта Шымкент қаласының жастарымен оның ішінде:

— Мирас университеті

— Орталық Азия Инновациялық университеті

— Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті

— Ж.А.Тәшенев атындағы университет

— М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті

— Аймақтық Инновациялық университет

— Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында кездесулер ұйымдастырылды.

Кездесуге “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Жансерік Бауыржанұлы Жұман қатысып, оқу орындарының жастар ұйымдарының басшыларымен және белсенді жастарымен еркін форматта пікір алмасты.  Жастар тақырып аясында түрлі ұсыныстар айтып, орталық тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin