Шымкент қаласында соңғы жылдары жол инфрақұрылымын дамыту және қоғамдық көлік қызметін жетілдіру бағытында ауқымды және жүйелі жұмыстар қарқынды атқарылуда. Әл-Фараби ауданы қаладағы ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Оның аумағында 17 шағын аудан мен 1 елді мекен орналасқан. 266 мыңнан астам тұрғыны бар бұл өңірде 931 көпқабатты және 16 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Қазіргі таңда аудан халқы ауыз су, электр энергиясы және табиғи газбен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Биыл аудан аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында ауқымды абаттандыру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде 33 балалар ойын алаңы мен 2 спорт алаңы толық жаңартылды, ал қосымша 5 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылдары да бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасады: 2026 жылы 56 аула, 2027–2028 жылдары тағы 52 аула жаңғыртылмақ. Сонымен қатар, биыл 9 спорт алаңы жөндеуден өтті. Аудан бойынша көше жарығын орнату да белсенді жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 133 көшеге жарық шам орнату жоспарланған, оның 42-сі бүгінде толық жарықтандырылды. Сондай-ақ, 112 көпқабатты тұрғын үйдің 63 ауласына жарық шам қойылып, қалған бөлігі жыл соңына дейін аяқталады. Жол инфрақұрылымын жаңарту – ауданның негізгі басым бағыттарының бірі. 2025 жылға арналған жоспар бойынша 25 көшеге жаңа асфальт төсеу қарастырылған, оның 18-інде жұмыстар толық орындалды. Қалған 7 көшеде жөндеу жалғасуда. Бұдан бөлек, 85 көшенің асфальт қабатын жаңарту жоспарланып, бүгінгі таңда оның 23-і аяқталды. Сонымен бірге, аудан аумағында аяқжол салу, ирригациялық жүйелер орнату, көпқабатты үйлердің қасбеттерін жарықтандыру, ғимараттарға мурал салу және жаңа демалыс орындарын ашу жұмыстары қолға алынған. Бұл шаралардың барлығы аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға, қала мәдениетін арттыруға және қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта тұрғындармен кері байланыс орнату, қоғамдық кеңестер арқылы жобаларды талқылау және халықтың ұсынысын ескере отырып, ауданның дамуын одан әрі ілгерілету жоспарлануда. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басынан бері 304 шақырым жолға асфальт төселді. Бұл көрсеткіш қаланың барлық аудандарын қамтыған: Абай ауданында – 80,4 шақырым; Тұран ауданында – 60,7 шақырым; Әл-Фараби ауданында – 20,1 шақырым; Қаратау ауданында – 78,5 шақырым; Еңбекші ауданында – 64,3 шақырым. Жалпы, ағымдағы жылы қаладағы жолдардың жақсы жағдайдағы үлесін 90 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл мақсат қаланың көлік инфрақұрылымының сапасын Еуропалық стандарттарға жақындатуға бағытталған. Жол жұмыстарымен қатар, қоғамдық көлік қызметін арттыруға баса назар аударылуда. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін және қаланың жаңа дамып келе жатқан аудандарының қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа №8 автобус бағыты іске қосылды. Бұл жаңа бағыт Тоғыс тұрғын алабын толық қамтып, тұрғындарды қаланың маңызды нүктелерімен байланыстырады. Бағыт Мұнайбарлаушылар көшесінен басталып, қалалық көлік-логистикалық орталығына жақын орналасқан «Көл» аялдамасына дейін қатынайды. Жобаның алғашқы кезеңі тұрғындардың ыңғайлылығын анықтау үшін пилоттық режимде жүзеге асуда. Кестеге сәйкес, жұмыс күндері 5 автобус, ал демалыс күндері 3 автобус қатынайды. Қозғалыс аралығы 28–45 минутты құрайды, бұл жаңа бағыт үшін тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа №8 бағыттың ашылуы Тоғыс тұрғындары үшін қала орталығына жетуді айтарлықтай жеңілдетіп, қоғамдық көліктің қолжетімділігін және тұрғындардың қатынау жағдайын айтарлықтай арттыра түсті.
Jsk ақпараттық агенттігі
