Шымкент қаласы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша, тұрғындарға қолайлы ортаны қалыптастырып ғана қоймай, халықтың өмір сапасын жақсарту бағытында біршама жұмыстарды атқарып, маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Еліміздің ірі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірін кешенді дамыту аясында тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғаяды, жаңа өндіріс аймақтары, айналма т/ж тармағы және өткізу қабілеті тәулігіне 20 мың жолаушы болатын вокзал ашылмақ. Сондай-ақ мегаполисті жаппай көгалдандыру жоспарланған. Қала шекарасы қазіргі аумағында қалады, алайда тұрғындар қаладағы тыныс-тіршілік үшін қолайсыздау аумақтардан қаланың экологиялық жағынан неғұрлым орнықты және абаттандырылған аудандарына көшірілмек. Аумақтың үштен бірінен астамында тұрғын үй және қоғамдық нысандар бой көтереді деп жоспарлануда. Сонымен қатар экологиялық тәуекел аймақтары жойылады, Бадам, Қошқарата, Қарасу және Сайрамсу өзендерінің су қорғау белдеулері мен аймақтарының жобаларын әзірленеді. Өнімділікті арттырып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын жақсартуды, отандық тауарларды шетел нарықтарына шығаруды қолдауды, қолданыстағы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру аясында тиісті инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ететін тиімді өнеркәсіп, инфрақұрылымдық, инвестициялық және сауда саясатын жүргізу арқылы қала экономикасының салаларын дамыту жалғаспақ. Өнеркәсіп аумақтарын жаңғырту мәселелеріне көп көңіл бөлінетін болады. Олардың аумағын 2035 жылға дейін жаңа индустриялық аймақтарды салу есебінен 5 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Онда перспективалы 14 өнеркәсіп кластері дамитын болады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2035 жылға қарай қаланың әлеуметтік-экономикалық салаларында 1 млн-нан астам жұмыс орны болады деп күтілуде. Сондай-ақ су құбырының қолданыстағы аймақтық жүйесінің өнімділігін арттыру, тыныс-тіршілік ету ортасының жайлылығын жақсарту жоспарланған. Қала әкімінің бастамасымен іске қосылған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы тұрғындарға қаланың дамуына өз ойы мен ұсыныстарын тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Қоғамдық орындар мен автобустарға орнатылатын QR-кодтар арқылы тұрғындар қаланы дамытуға қатысты ұсыныстарын жолдай алады. Барлық ұсыныстар мұқият қаралып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылады.
Jsk ақпараттық агенттігі
