• 2 мая, 2024 1:35 пп

ШЫМКЕНТ ЭКОНОМИКАСЫ: ШАҺАРДЫҢ ЖЫЛЫЖАЙЛАРЫНАН 17 МЫҢ ТОННА ӨНІМ ЖИНАЛАДЫ

Автор:admin

Июл 1, 2023

Соңғы жылдары Шымкент қаласының экономикасы тың серпін, жаңаша қарқынмен дами бастады. Бұған оның «республикалық маңызға ие дербес қала» мәртебесіне ие болуы әсер еткені анық. Сондай-ақ, қаланың географиялық орналасуы, нақтырақ айтқанда, оның үлкен нарықтарға жақын болуы шаһар экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Шымкенттің 500 шақырымдық радиусында 30 миллион халық өмір сүреді. Ал, 1 мың шақырымдық радиуста 7 шет мемлекеттің астанасы мен 70 миллион тұтынушысы бар үлкен нарық орналасқан. Егер 2 мың шақырымдық радиусты алып қарайтын болсақ, онда 3 миллиард адамдық алпауыт нарыққа шығуға болады. Бұл Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін көрсететін дерек.   бүгінде шымкенттік 35 компания 15 шет мемлекетке тауарларын экспорттауда. Әкімдік алдағы 5 жылда экспорттаушы кәсіпорындардың санын 2 есе көбейтіп, экспорт географиясын 25 елге жеткізуді, сол арқылы сыртқы нарыққа жөнелтілетін тауар көлемін 1.5 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Бұл Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының экспорт көлемін 1.5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасымен үндесіп жатқан мақсат. Біз бүгін осы мақсатқа қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдардың қандай шараларды қолға алғанын әңгімелейміз. Әрине, кез келген экономиканың дамуы оған құйылатын инвестицияға байланысты. Ал, мол капиталға ие ірі инвесторлар кез келген елге немесе өңірге, кез келген салаға тәуекел етіп қаржы құя бермейді. Олар инвестициялық жобаның тиімділігіне әбден көз жеткізіп, құйған қаржысының артығымен қайтарына сенімді болса ғана оң шешім қабылдайды. Демек, атқарушы органдардың міндеті – қалада инвесторлар үшін барынша қолайлы климат қалыптастыру. Ресми деректерге жүгінсек, Тәуелсіздік жылдарында Шымкент қаласының экономикасына 2.6 триллион теңге инвестиция құйылған. Әсіресе, соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш едәуір өсіп келеді. Мәселен, биылғы жылдың 10 айында негізгі капиталға тартылған тікелей инвестиця мөлшері 325 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1.4 есеге жоғары. Бір жылда 40 пайыздық өсімге қол жеткізу дегеніңіз шынында ғажап жетістік. Жыл соңына дейін инвестиция мөлшері 400 миллиард теңгені құрайды деп күтілуде. Әрі бұл қаржының 60 пайызы жеке және шетелдік инвесторлардың үлесіне тиесілі. Бүгінде Шымкент қаласының экономикасы республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда біршама деверсификацияланған және оны дамушы экономикалардың қатарына жатқызуға болады. Қаланың жалпыөңірлік ішкі өнімінің 25 пайызын өнеркәсіп, 20 пайызын сауда және 17 пайызын құрылыс саласы құрайды. Ал, шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30 пайызға тең. Мемлекет тарапынан жылыжай шаруашылығына қолдау артып келеді. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25 пайызы, тұқымдар мен тыңайтқыштарға жұмсалған қаржының теңге жартысына дейін үкіметтен төленеді. Одан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы қарастырылған.  Бұл көмек түрлері кәсіпкерлердің қызығушылығын арттырып,  мегаполисте жылыжай шаруашылығын дамытуға септігін тигізуде.   Қазір қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені бар, оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Бұл кешендерден жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және тағы басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа саудалануда.  Биыл тағы екі жылыжай кешенін іске қосу жоспарлануда. Онда 800 тонна құлпынай мен өзге де көкөністер өндіріліп, 30-дан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin