• 19 декабря, 2025 6:17 дп

ШЫМКЕНТ – ТУРИЗМНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІНЕ КӨТЕРІЛГЕН МЕГАПОЛИС

Автор:admin

Дек 19, 2025

Шымкент қаласы соңғы жылдары Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан туристік орталықтардың біріне айналып отыр. 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қалаға келген туристер саны 406 мыңнан асты. Оның басым бөлігін ішкі туристер құраса, 29 мыңнан астамы – шетелдік қонақтар. Бұл көрсеткіштер Шымкенттің туристік тартымдылығы жыл сайын артып келе жатқанын айқын аңғартады.
Қаладағы орналастыру инфрақұрылымы да қарқынды дамуда. Бүгінде Шымкентте 159 қонақ үй мен өзге де орналастыру орындары жұмыс істейді. Бөлмелер қоры 4 мыңнан асып, төсек-орын саны 8 700-ден жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайыздан астам өсім көрсетіп отыр. Ал орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 10,3 млрд теңгеден асып, бір жылда 24,5 пайызға артқан.
Туризм саласына салынған инвестиция көлемі де айтарлықтай. 2024–2025 жылдары аралығында қалада 12 жаңа қонақ үй ашу жоспарланып, оның 7-еуі пайдалануға берілді. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі «Hilton» қонақ үйінің құрылысы басталып, 2026 жылы іске қосылмақ. Сонымен қатар, Бадам су қоймасы аумағында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы жүзеге асырылып, заманауи демалыс пен экотуризмді дамытуға серпін бермек.
Шымкенттің туристік әлеуетін арттыруда сакралды және мәдени нысандарды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. «Ибрагим ата» мен «Қарашаш ана» кесенелерінің аумағы абаттандырылып, туристерге қолайлы жағдай жасалды. Ал 2026 жылы Сайрам аумағындағы бірқатар тарихи нысандарды реконструкциялау жоспарланып отыр.
Қалада бүгінде 17 туристік маршрут жұмыс істейді. Олардың ішінде халықаралық бағыттағы Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент бағыты туристер арасында жоғары сұранысқа ие. Туристік қызмет көрсетумен 24 туроператор мен 120 туристік агенттік айналысады. Ал жаңа әуе терминалының іске қосылуы нәтижесінде Шымкенттен шетелдің 8 қаласына тікелей әуе рейстері ашылды.
Сервис сапасын арттыру бағытында цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде. «Visit Shymkent» туристік порталы, 3D-маршруттар, QR-кодтар, навигациялық тақталар мен туристік ақпараттық орталықтар қала қонақтарына қажетті мәліметтерді жедел алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы туристік полиция қызметкерлері мен «SOS» дабыл батырмалары орнатылған.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында туризмді дамыту жүйелі әрі кешенді түрде жүргізілуде. Инфрақұрылым, сервис, қауіпсіздік және халықаралық қолжетімділік қатар дамып, қала өңірлік қана емес, халықаралық деңгейдегі туристік дестинацияға айналуға нық қадам жасап отыр.

Автор: admin