• 19 апреля, 2024 8:16 пп

ШЫМКЕНТ: КӘСІПКЕРЛЕР ҮШІН “БІР ТЕРЕЗЕ” ЖҰМЫСЫ ОҢ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

Автор:admin

Апр 2, 2023

Шымкентте жобасы дайын инвесторлар үшін жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағынан жер учаскесі беріледі. Мұндағы мақсат — қаладағы инвестициялық ахуалды жақсарту және экономиканың басым салаларына инвестициялар тарту.   Осыған орай әкімдік тарапынан айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мысалы, 2021 жылы жалпы ауданы 306 га жаңа «Жұлдыз» индустриялық аймағы құрылса, 132 га аумақта тамақ өнеркәсібі үшін «Бозарық» индустриялы аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерінің құрылысы жалғасуда. «Бизнестің жол картасы — 2025» («Қарапайым заттар экономикасы» ішкі бағдарламасы) мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік субъектілеріне төмен пайыздық несиелер арқылы қолдау шаралары сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы — 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында инфрақұрылым тарту бойынша шаралар қарастырылған. Кредиттер бойынша жылдық мөлшерлеме 6 %-ды құрайды. Және де, айналым капиталын толықтыруды қаржыландыру біршамаға кеңейтіліп, кредиттер сомасы көбейген. Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қолжетімді микрокредит беру іске қосылған. Ао «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының аумағы 175 га, сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 га кеңейтілуде. «Оңтүстік» АЭА қызметінің басым түрлеріне (жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау) сәйкес келетін жобаны іске асыру үшін инвесторға мемлекет тарапынан келесідей қолдау шаралары ұсынылады:

  • тегін жер телімі;
  • дайын инфрақұрылым;
  • корпоративтік табыс салығын, жер салығын және мүлік салығын төлеуден босату;
  • АЭА аумағында өндірілетін тауарларға қосылған құн салығын төлеуден босату;
  • шикізат және материалдар импортына қосылған құн салығын төлеуден босату;
  • инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті жабдықтарды, жинақтауыштарды, шикізат пен қосалқы бөлшектерді алып келу кезінде кедендік баждарды төлеуден босату;
  • коммуналдық қызметтердің төмен құны. Бұл тұрғыда 2020 жылдан бері «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» фронт-офисі жұмыс істеп тұр. Мұнда «бір терезе» қағидаты әдісімен қызмет көрсетіледі. Осы арқылы бұл салада әкімшілік кедергілер азайып, кәсіпкерлерді сүйемелдеу мен кеңес беру артып отыр. Жалпы фронт-офис 3 бағыт бойынша қызмет көрсетеді: кеңес береді, жобаларды сүйемелдейді, маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді. Фронт-офис қызметін бастағалы бері келесідей қызметтер көрсетілді:

— Консультациялар – 12 282;

— Жобаларды сүйемелдеу – 1 217;

— Маркетингтік қызметтер – 539;

— Тауашалық жобалар – 100;

— Аналитикалық зерттеулер – 14.

Jsk ақпарат

Автор: admin