• 19 мая, 2024 8:32 пп

Шымкенттің экономикасы жаңаша қарқынмен дамуда!

Автор:admin

Авг 15, 2023

Шымкентте өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 53,8 млрд. теңгені құрайтын 37 жоба іске қосылған. Сондай-ақ, 9 жобаға шетелден 36,8 млрд. теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде жаңадан 4 500 жұмыс орны ашылған. Бүгінде Шымкент қаласының аумағында «Оңтүстік» және «Тассай» индустриялық аймақтары жұмыс істеуде. Соңғы екі жылда аталған индустриалды аймақтарда 16 кәсіпорын іске қосылды. Оған 230,9 млрд. теңге инвестиция тартылған. Аталған зауыт-фабрикаларда 910 адам еңбек етеді. Сонымен қатар осы мерзім аралығында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 9 кәсіпорын, ал, көліктік-логистикалық аймақта 1 кәсіпорын жұмысын бастаған. Бұдан басқа қалада жаңадан 2 индустриалды және 2 агроиндустриалды аймақтарды ашу қолға алынған. Екі жылда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 19,4 млрд. теңгеге 34 инвестициялық жоба іске асырылды. Сөйтіп агросекторда 576 жұмыс орны пайда болды. Шымкентте соңғы екі жылдың ішінде шағын және орта бизнесті қолдау бойынша да көп жұмыс істелген. Мысалы, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 69 мыңнан 75,5 мыңға дейін көбейді. Қазір бұл секторда 168 мың адам еңбек етуде. Аталған мерзімде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 493 жобаға 12,7 млрд. теңгеге қолдау көрсетілген. «Қарапайым заттар экономикасы», «Мен кәсіпкер боламын» және «Іскер қала» атты бағдарламалар да сәтті жүзеге асып жатыр. Соңғы жылдары Шымкент қаласының экономикасы тың серпін, жаңаша қарқынмен дами бастады. Бұған оның «республикалық маңызға ие дербес қала» мәртебесіне ие болуы әсер еткені анық. Сондай-ақ, қаланың географиялық орналасуы, нақтырақ айтқанда, оның үлкен нарықтарға жақын болуы шаһар экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Шымкенттің 500 шақырымдық радиусында 30 миллион халық өмір сүреді. Ал, 1 мың шақырымдық радиуста 7 шет мемлекеттің астанасы мен 70 миллион тұтынушысы бар үлкен нарық орналасқан. Егер 2 мың шақырымдық радиусты алып қарайтын болсақ, онда 3 миллиард адамдық алпауыт нарыққа шығуға болады. Бұл Шымкенттің өнеркәсіптік әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін көрсететін дерек.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin