• 20 января, 2026 8:34 дп

ШЫМКЕНТТІҢ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ 2025 ЖЫЛЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

Автор:admin

Янв 20, 2026

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым саласында маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілді. 2025 жылы қаладағы ауыз су, электр энергиясы, табиғи газ және жылу жүйелері сапалы түрде қамтамасыз етілді.

Ауыз су: 2025 жылы қала тұрғындарының 99,9%-ы ауыз сумен қамтылды. Үш шағын ауданда 11 мыңға жуық тұрғын жаңа орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Бұл жобалар демеушілер есебінен Төлеби және Айым елді мекендерінде жүзеге асырылды.

Электр энергиясы: 2025 жылы бес шағын аудан толық электр энергиясымен қамтамасыз етілді, бұл 13 мыңға жуық тұрғын мен өндіріс орындарын қамтиды. Сонымен қатар, Ажар 110 кВ қосалқы станциясы іске қосылды. Қазжерсут 220 кВ қосалқы станциясына орнатылған 125 МВт трансформаторы арқылы 40 мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілуде.

Табиғи газ: 2025 жылы 8 шағын ауданда 25 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтылды. Перим қондырғысы арқылы 110 шақырымдық құбыр тексеріліп, 67 ақау түзетілді.

Жылу: Жылыту жүйелерінің диагностикасы акустикалық резонанс әдісі негізінде жүргізіліп, 2,3 шағын ауданның жылу жүйелері кешенді тексеруден өтті. Қазандықтардың модернизациясы жоспарланған.

Көшелерді жарықтандыру: 2022 жылы қалада 2 028 көшеге жарық орнатылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6 686-ға жетіп, жарықтандыру деңгейі 30%-дан 100%-ға өсті.

Перспектива: Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта 6 қосалқы станция мен 3 газ тарату станциясы салынады. Жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын жобалардың жалпы құны – 26 млрд теңге. Солардың ішінде «Қызылсу» 220 кВ қосалқы станциясын салу да көзделген.

Шымкенттің инженерлік инфрақұрылымы 2025 жылы жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, қала тұрғындарына ыңғайлы өмір сүру жағдайлары жасалуда.

Автор: admin