• 15 марта, 2026 4:40 дп

ШЫМКЕНТТЕ 92 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯ РЕФЕРЕНДУМДА АЛҒАШҚЫЛАРДЫҢ БІРІ БОЛЫП ДАУЫС БЕРДІ

Автор:admin

Мар 15, 2026

 

Шымкент қаласында өтіп жатқан референдумда тұрғындардың белсенділігі таңғы уақыттан-ақ байқалды. №142 референдум учаскесінде 92 жастағы қария Өркен Әбдіреев алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады. Қала өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстардан шет қалмайтын қоғам белсендісі бүгінгі маңызды саяси науқанда да азаматтық ұстанымын көрсетті.

Учаскеге жиналған сайлаушылар қарияға құрмет көрсетіп, ақ батасын алды. Өркен ата ел болашағына бейжай қарамайтынын айтып, әрбір азаматтың мемлекет дамуына үлес қосуы маңызды екенін жеткізді.

-Халқымыздың, еліміздің гүлденуі үшін атқарылып жатқан істерден тыс қала алмаймын. Қазақ елінің азаматтары ұлы даланы өркендету үшін білімді, сауатты, дамыған ел болуға ұмтылуы керек, – деді қария.

№142 референдум учаскесінің төрайымы Назира Анартаеваның айтуынша, дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін учаскеде 6 комиссия мүшесі жұмыс істеуде. Жалпы бұл учаскеде 2033 сайлаушы дауыс береді деп күтіліп отыр.

Таңғы уақытта басталған дауыс беру рәсімі Мемлекеттік Әнұранмен ашылды. Өркен ата дауыс бергеннен кейін учаскеге келушілер көбейді. Учаске мүшелері қарияға бүгінгі күннің естелігі ретінде арнайы сый-сияпат табыстады.

Жалпы, қала тұрғындары референдумға жауапкершілікпен қарап, ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлестерін қосуға ниетті екенін көрсетуде.

Автор: admin