Қазақстанның барша азаматына тең мүмкіндіктер мен лайықты тіршілік жағдайын туғызуға ұмтылу, Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясын мойындау, ұлт тағдырына жауапкершілікті сезіну, Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда, мемлекеттік Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасы Конституциясында көрсетілгендей байырғы қазақ жерінде ұлттық мемлекеттілік құру мен нығайту және де басқа қағидаттарды негізге ала отырып, қоғам мен ұлтқа Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы ұсынылды. Ел бірлігін негіздейтін бірінші қағидат — әр азаматтың өзінің ортақ тағдыры мен Отанының — Қазақстан Республикасының — ортақ екенін ұғыну. Біздің ұлттық бірлігіміз, этникалық шығу тегіне қарамастан, әрбір адамның жоғары деңгейде Қазақстанмен және оның болашағымен етене бірігуіне негізделген. Осы орайда бүгін Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай «Әзірбайжан этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі» атты мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараны «Шымкент қалалық әзербайжан мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі мен Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бірлесе ұйымдастырды. Мерекеге Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүркен Әлімқұлов, сондай-ақ қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері қатысты. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының м.а Заңғарбек Үсіпахметов іс-шара барысында құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды Республика күнімен құттықтады. «Бүгінгі мереке – халқымыздың бірлігін, этностар арасындағы татулық пен өзара құрметті айғақтайтын тағылымды шара. Қазақстан халқының мәдени байлығы мен тілдік алуандығы – біздің ең үлкен құндылығымыз. Республика күні қарсаңында осындай іс-шаралардың өтуі еліміздегі бірлік пен келісімнің айқын көрінісі», – деді Заңғарбек Үсіпахметов. Бағдарлама барысында көрермендерге әзірбайжан халқының бай мәдениеті мен ұлттық өнерінен сыр шертетін би, ән және поэзиялық композициялар ұсынылды. Балалардың орындауындағы Абай Құнанбайұлының өлеңдері ерекше әсер қалдырды. Жексенбілік мектептің оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, грамоталармен марапатталды. Сонымен қатар, қонақтар әйгілі әзірбайжан композиторларының туындыларын тыңдап, ұлттық билерді тамашалады. Мереке соңында қатысушыларға дәстүрлі әзірбайжан тағамдары ұсынылған дастархан жайылды.
Jsk ақпараттық агенттігі
