Шымкентте Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлы тұлға, ұстаздық – ұлы міндет» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, адам құқықтары мен бала құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкілдер, Білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшелері, педагогика саласының ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздар – барлығы 2 мыңға жуық адам қатысты.
Мегаполис әкімі өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен елдің дамуына ұстаздардың қосып отырған үлесінің маңыздылығын атап өтті. Ол қаладағы басты міндеттердің бірі – мұғалімдердің сапалы жұмыс істеуіне және балалардың лайықты білім алуына жағдай жасау екенін айтты.
«Шымкентте жаңа мектептер салу және білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмысы жалғасуда. Соңғы екі жылда қалада 13 білім беру нысаны пайдалануға берілді.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмысы жалғасуда. Тұран, Shymkent City және Асар-2 шағынаудандарында үш жаңа мектеп салынып жатыр. №7 IT мектеп-лицейі заманауи талаптарға сай жаңартылады», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Іс-шара барысында білім саласының дамуына елеулі үлес қосып, заманауи педагогикалық тәсілдерді енгізген, кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген ұстаздар марапатталды.
Мегаполис әкімі Мемлекет басшысының атынан білім беру саласының үздік қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар – «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыстады. Сондай-ақ, педагогтер қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Пән олимпиадаларында, спорт сайыстары мен басқа да байқауларда жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған ұстаздарға да ерекше алғыс айтылды.
Айта кетейік, Шымкенттің 80-нен астам түлегі әлемнің 100-ден астам жетекші университетінен шақырту алып, халықаралық білім беру гранттарының иегері атанды. Мегаполистің оқушылары халықаралық және республикалық пән жарыстарында 16 алтын, 44 күміс және 63 қола медаль жеңіп алды. «Алтын белгі» белгісін иеленетін түлектер саны да артып келеді.
Мерекелік кеш танымал өнерпаздар қатысқан концерттік бағдарламаға жалғасты. Осылайша Ұстаздар күні өскелең ұрпаққа білім беріп, тәрбиелеуге күн сайын атсалысып жүрген жандарға шынайы алғыс білдірудің тағы бір мүмкіндігі болды.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
