Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында сержанттық құрамды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының сержанттық корпусына салтанатты қабылдау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында әскери бөлімнің 10 келісімшарт бойынша әскери қызметшісі сержанттың ар-намыс кодексін ресми түрде қабылдап, адал қызмет етуге, әскери тәртіп пен жеке құрам алдындағы жауапкершілікке берік екендерін растады. Ар-намыс кодексін қабылдау – әрбір сержанттың кәсіби және моральдық тұрғыдан өскендігінің белгісі болды.
Кодексті қабылдағаннан кейін, оларға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде екі айлық біліктілікті арттыру курсынан сәтті өткені туралы сертификаттар табысталды. Оқу барысында әскери қызметшілер өз мамандықтары бойынша білімдерін тереңдетіп, командалық және кәсіби дайындықтың жаңа әдістерін меңгерді.
Сержанттарды құттықтай отырып, 6506 әскери бөлімінің штаб бастығы – командирдің бірінші орынбасары полковник Нұрлыбек Елеусізов:
– «Сержанттық корпусқа қабылдану – бұл Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіздің мойындалуы ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Жеке құрамның қандай болатыны, тәртіп пен реттіліктің қалай сақталатыны – осының бәрі Сіздерге байланысты. Сіздер кіші әскери қызметшілерге үлгі болып, олардың сенімді тірегіне айналатыныңызға сенемін» — деді ол.
Мұндай іс-шаралар Ұлттық ұлан бөлімдерінде жауынгерлік дайындық пен ішкі тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын тәртіпті, ынталы және мықты сержанттық құрамды қалыптастырудың маңызды элементі болып табылады.
