Құқықтық мемлекет құру жолында прокуратура органдарының рөлі ерекше. Әсіресе, сотта мемлекеттің мүддесін қорғап, заңның үстемдігін қамтамасыз ететін мемлекеттік айыптаушылардың кәсібилігі мен жауапкершілігі қоғамның сот төрелігіне деген сенімін қалыптастырады. Осы мақсатта Шымкент қаласында прокуратура қызметкерлері арасында дәстүрлі «Үздік мемлекеттік айыптаушы» байқауы өтті. Бұл шара тек қатысушылардың білімін сынау алаңы ғана емес, сонымен қатар жас мамандар үшін үлкен тәжірибе мектебіне айналды. Жеңімпаз атанған үздік мемлекеттік айыптаушы алдағы уақытта республикалық деңгейде өтетін байқауда Шымкент қаласының намысын қорғайтын болады. 31 тамызда Шымкентте қала прокуратурасының Абай ауданы прокуратурасы ұйымдастырған «Үздік мемлекеттік айыптаушы» байқауы өтті. Байқауға қалалық прокуратура мен аудандық прокуратуралардың қатарынан іріктелген ең білімді, тәжірибелі әрі талапты прокурорлар қатысты. Олардың әрқайсысы сот процесіндегі нақты жағдайларды сахналап, өздерінің кәсіби дайындығын жоғары деңгейде көрсете білді. Байқау прокуратура органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға және мемлекеттік айыптауды қолдау дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Қатысушылар заңнаманы білу деңгейін, кәсіби даярлығын және сот процесіндегі практикалық жұмыс дағдыларын көрсетті. Екінші кезеңнің ерекшелігі оның судьяның қатысуымен сот отырысы форматында өткізілуі болды. Қатысушылар нақты сот процесіне барынша жақындатылған жағдайда мемлекеттік айыптау ұстанымын сауатты әрі дәлелді түрде ұсыну қабілеттерін көрсетті. Сот отырысын модельдеу қатысушыларға заңдарды білетінін көрсетіп қана қоймай, нақты процеске барынша жақын жағдайларда сенімді дәлел келтіру дағдыларын пысықтауға мүмкіндік берді. Мұндай сайыстарды өткізу прокурорлық кадрлардың кәсіби өсуіне ықпал етіп, соттарда мемлекеттік айыптауды қолдау сапасын тікелей арттырады. Байқау прокурорлардың күйзеліске төзімділігі мен шеберлігін тексерудің тиімді алаңына айналып, соттағы мемлекеттік мүдделерді қорғау стандартын нығайтты. Бұл байқау Шымкент қаласы прокуратурасы қызметкерлерінің зияткерлік әлеуетінің жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай іс-шаралар заң кадрларын ынталандырып қана қоймай, елімізде заң мен тәртіптің салтанат құруына айтарлықтай үлес қосады.
Jsk ақпараттық агенттігі
