Шымкент – еліміздегі үшінші мегаполис ғана емес, сонымен бірге оңтүстік өңірдің ірі көлік-логистикалық торабы. Соңғы жылдары қаланың сәулеттік келбеті жаңарып, халық саны өскен сайын жол инфрақұрылымын жаңғырту басты басымдықтардың біріне айналды. Бүгінде Шымкент жолдары заманауи талаптарға сай кеңейіп, қала тұрғындары мен меймандарына жайлы әрі қауіпсіз қозғалыс сыйлауда. Мегаполистегі көлік кептелісін азайту және транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Сапалы жол – экономиканың күретамыры. Шымкенттегі инфрақұрылымдық оң өзгерістер қаланың логистикалық мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтерді. Күн санап көркейіп келе жатқан Шымқаланың кең даңғылдары мегаполистің қарқынды дамуы мен жарқын болашағының айқын дәлелі. Солардың бірі Абай ауданында көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған жаңа жол учаскесі пайдалануға берілуі. Қазиев көшесінің Арғынбеков көшесінен Төлеметов көшесіне дейінгі жалғасы бойынша құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Мегаполис жолдарының сапасын арттыруда тек асфальт төсеумен шектелмей, кешенді инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отыр.
Жоба Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылған. Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін 2025 жылдың ақпан айында қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен «Корпорация Береке А» ЖШС арасында мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалған.
Жоба аясында төрт жолақты автомобиль жолы салынып, жол жиегіне ирригациялық жүйе орнатылды. Сонымен қатар қажетті жол инфрақұрылымы жасалып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Жаңа жолдың іске қосылуы қаланың солтүстік бағытына шығатын көлік ағынын реттеп, кептелісті азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ол Бәйдібек би даңғылына балама бағыт қалыптастырады.
Жолдың ашылуы Ақжайық және Шымсити шағын аудандарының тұрғындары үшін де маңызды. Жаңа көлік дәлізі аталған аумақтардан қала орталығына қатынауды жеңілдетіп, тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға және көлік қозғалысының қолайлылығын арттыруға ықпал етеді.
Осылайша, Қазиев көшесінің жалғасы Шымкенттің көлік инфрақұрылымын дамытуға және қаладағы жол қозғалысын оңтайландыруға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналды.
