• 21 мая, 2025 6:53 пп

ШЫМКЕНТТЕ ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ БОЙЫНША ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Автор:admin

Май 21, 2025

 

Шымкент қаласында өнеркәсіптік сала белсенді дамуда және қала экономикасының маңызды бір бөлігіне айналуда.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Шымкентте 816 белсенді кәсіпорын жұмыс істеуде. Оның ішінде 704-і өңдеу өнеркәсібінде қызмет атқарады. Өндіріс көлемі де айтарлықтай артып, өндірілген өнім көлемі 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында 309,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9%-ға артып отыр.

Өнеркәсіп саласындағы өсу динамикасы өте жоғары. Өңдеу өнеркәсібі саласында 262,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өнеркәсіптік өндіріс индексі (ӨӨИ) 120,8%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің кейбір салаларында өсу көрсеткіштері ерекше байқалады. Атап айтқанда:

Машина жасау – 3,2 есеге;
Жиһаз өндірісі – 2,3 есеге;
Резеңке және пластмасса бұйымдары – 43,9%-ға;.
Дайын металл бұйымдары – 69%-ға;
Тамақ өнімдері – 28,6%-ға артқан.

Бұл өнеркәсіп салаларындағы өсу қала экономикасына жаңа серпін береді және қала аумағында өндірістік қуаттардың артқанын білдіреді.

Шымкент қаласында жалпы аумағы 1 276 га құрайтын 7 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Осы аймақтарда 670,1 млрд теңге сомасына 427 жоба іске асырылуда.
2024 жылы 68 жаңа жұмыс орнын құрумен 847 млн теңгеге 3 инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың ішінде — «Easy Pack» ЖШС полиэтилен өнімдерін өндіру, «Бумпром» ЖШС картон өндірісі және «БЕРЕКЕ ИНВЕСТ-5» ЖШС өнеркәсіптік электр жабдықтары өндірісі бар.

«ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағы – Шымкенттің маңызды өндірістік орталықтарының бірі. Бұл аймақта жалпы құны 130 млрд теңге болатын 96 жоба іске асырылуда. Осы жобалар аясында 3 064 жаңа жұмыс орны құрылуда. Аймақта 2024 жылы «Balabi textile», «Cleans Fabric» және «Nappa.kz» ЖШС сияқты жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

«ОҢТҮСТІК» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестиция көлемі 67,9 млрд теңге тұратын 41 жоба іске асырылып, 1 847 жұмыс орындары құрылды. 2024 жылы 349 жаңа жұмыс орындарын құрумен 7,8 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны іске асырылды. Олар — «Balabi textile» ЖШС – шұлық бұйымдары өндірісін кеңейту, «Cleans Fabric» ЖШС – ылғалды майлықтар өндіру, «Nappa.kz» ЖШС – аяқ киім өндірісі, «Hayat cosmetics» ЖШС – ылғалды майлықтар өндірісі.

«ЖҰЛДЫЗ» индустриялық аймағында қала экономикасына маңызды үлес қосып отыр. Бұл аймақта жалпы құны 179 млрд теңге болатын 59 жоба іске асырылуда. Осы жобалар аясында 4 174 жаңа жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы 951 жаңа жұмыс орнын ашумен 39 млрд теңге сомасына 7 инвестициялық жоба іске асырылды. Олар — «Wan Sheng Ceramic» ЖШС Керамикалық тақталар өндірісі, «First Concrete Company» ЖШС Темір-бетон бұйымдары өндірісі, «Alem Stone» ЖШС, «Оңтүстік Ғимарат» ЖШС асфальт өндірістері, «ДСК 17» ЖШС Үй құрылысы комбинаты, «Евро Знак» ЖШС көпір және жол конструкцияларында темір-бетон өндірісі, «Юг Oil Pro» ЖШС битум қабылдау, сақтау және асфальт өндірісі.

«ТАССАЙ» индустриялық аймағында 95,3 млрд теңге көлемінде 42 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 33 жобаның құны 44,5 млрд теңге және 2 195 жұмыс орны құрылды. 2024 жылы «Shymkent-Reklama» ЖШС жарнамалық құрылымдар өндіру және қызмет көрсету саласында өз жобасын іске асырды.

Жалпы, 2025-2029 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібі саласында 541,2 млрд теңгеге 8,8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 115 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. 2025 жылы осы жобалардың аясында 79,7 млрд теңгеге 22 инвестициялар жоба іске асырылып, 1,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Шымкент қаласының өнеркәсіп саласындағы даму қарқыны қала экономикасының әртараптандыру жолында айтарлықтай жетістіктерге жетіп келе жатқанын көрсетеді. Инвестициялық жобалардың іске асырылуы және жаңа жұмыс орындарының ашылуы қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Өндірістік қуаттардың артуы мен жаңа технологиялардың енгізілуі Шымкентті тек Қазақстандағы емес, бүкіл Орталық Азиядағы жетекші өнеркәсіптік орталыққа айналдыруда маңызды рөл атқарады.

Автор: admin