• 6 июня, 2025 6:52 пп

ШЫМКЕНТТЕ «ТАБИҒАТЫМ БАЙЛЫҒЫМ» АКЦИЯСЫ ӨТТІ

Автор:admin

Июн 6, 2025

 

Дүниежүзілік экология және қоршаған ортаны қорғау күніне орай Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының еріктілері, Тұран аудандық төтенше жағдайлар басқармасы және қаланың тазалығына бейжай қарамайтын қала тұрғындары «Табиғатым байлығым» атты акция өткізді. Экологиялық акцияға қатысушылар Қазығұрт шағын ауданындағы орман шаруашылығына барып, қоқысты шығарып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Акция өткізілетін орын бекерге таңдалған жоқ. Біз орман шаруашылығының ерекше қорғалатын аумағын, бұрынғы Комсомол көлінің маңын тазартамыз. Бұл акция Экология күніне арнап өткізіліп отыр. Оған Жастар ресурстық орталығының еріктілері мен қоғам белсенділері қатысты», — дейді жастар ресурстық орталығының өкілі Дана Ерханова.

Қазір ағаш егілген қыраттың шөбі қурап тұр. Алда-жалда бұл жерде өрт шықса, оны сөндіру қиынға түсеніті анық.

«Жаз шыға өрт қаупі арта түседі. Өткен айда ауа температурасы өте жоғары болды. Қураған шөп пен шашылып жатқан қоқыстың бәрі өртке себеп болуы мүмкін. Иә, көп жағдайда өрт адамдардың салғырттығы мен жауапсыздығының салдарынан шығады. Бірақ, кейде өрт адамдардың қатысуынсыз, жәй ғана шишаның кесірінен де тұтанып кетуі мүмкін. Сондықтан даланы уақтылы күл-қоқыстан тазартып отырудың маңызы зор», — деген Тұран ауданы бойынша Төтенше жағдайлар басқармасының бас инженері Нұрбек Тастамбек өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттілігін айтты.

Акция барысында «Отырар» колледжінің белсенді студенттері мен төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері қолдарына құрал-саймандары мен қаптарын алып, айналаны күл-қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазартты.

Бұл күні ауа темперературасы 35 градустан асқандығына қарамастан, акцияға қатысушылар белсене жұмыс істеді. Осылайша, олар өз қаласының тазалығын сақтауға үлес қосқанын зор мақтанышпен айтуда.

Автор: admin