• 24 ноября, 2025 9:06 дп

Шымкентте полиция ардагерлеріне құрмет  көрсетілді

Автор:admin

Ноя 9, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі екендігін атап өткен болатын. «Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты»,-деген еді Президент Қ.Тоқаев. Әрине полицейлердің имиджін көтеруге байланысты жұмыс бұған дейін де басталды. Әрмен қарай да жалғасын табу керек. Өйткені бүгінде қоғамда құқық қорғау жүйесінің жұмысына қатысты әртүрлі пікірлер кездеседі, наразылықтар да орын алады. Кейбір форма киген қызметкерлердің өз міндетін асыра пайдаланып, дөрекілік көрсету арқылы полиция беделіне нұқсан келтіретіндері қынжылтады. Бұл арада олар патриоттық тәрбие бағытында жоспарлы жұмыстар атқаруы тиіс. Полицияның кәсіби біліктілігін арттыру да күн тәртібіндегі мәселе. Сондықтан біз полиция имиджінің оң қалыптасып, оның жаңа заманғы келбеті жарқын, қоғамдағы рөлі жоғары болуы үшін бәрімізде мүдделі болуымыз қажет, сонда реформаның нәтижесін көреміз. Полицияның бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға, яғни шын мәнінде халықтың сенімді серігіне айналады деп ойлаймын. Осы орайда полициялардың беделін арттыру бағытында біршама жобалар жүзеге асып жатыр. Мысалы үшін айта өтейік Шымкент қаласының Полиция департаментінде Ішкі істер министрлігі ардагерлерінің күніне орай іс-шара өткізді. Шара қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткіш тақтаға  гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Қатысушылар қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Департаменттің акт залында өткен семинар-кеңеске қала әкімдігі мен прокуратура өкілдері, сондай-ақ «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары қатысты. Шараға ішкі істер органдарында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарған 100-ден астам ардагер шақырылды. Кездесу барысында ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне зор үлес қосқан ардагерлердің еңбегі ерекше атап өтілді. Салтанатты жиында ардагерлерге қала әкімінің және Полиция департаменті басшылығының алғыс хаттары табыс етілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас қызметкерлерді елге адал қызмет етуге жігерлендіреді. Іс-шара соңы ардагерлердің құрметіне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin