• 21 мая, 2024 2:39 дп

ШЫМКЕНТТЕ КӨПФУНКЦИОНАЛДЫ ҚОЙМА КЕШЕНІ САЛЫНУДА

Автор:admin

Июл 1, 2023

Жалпы, бүгінде Шымкент қаласының экономикасы орнықты дамып келеді. Атап айтқанда, соңғы жылдары инвестициялық белсенділіктің артқаны байқалады. Соңғы 5 жылда қала экономикасына 1,8 триллион теңге инвестиция тартылған. Соның ішінде 2022 жылдың 9 айында Шымкент экономикасына 327,9 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 600 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Ресми деректерге жүгінер болсақ, бүгінде қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің 40 пайызын – кәсіпкерлік, 23 пайызын – өнеркәсіп, 25 пайызын – сауда мен қызмет көрсету және 4 пайызын – құрылыс саласы құрайды. Сарапшылар инвестиция көлемінің арту есебінен қала бюджеті де 4 есеге артқанын алға тартып отыр. Бюджет көлемі 582 миллиард теңгені құрап, оның ішінде өзіндік кірістер 83 миллиард теңгеден, 251 млрд.теңгеге дейін немесе 3 есе ұлғайған. Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделген. Оны орындау бойынша нақты жоспар жасалыпты. Шымкентте 5 өндіріс аймағы құрылған. Оның ішінде 3 индустриалды, 1 арнайы экономикалық аймақ және 1 транспорттық-логистикалық аймақ бар. Бұл аймақтардың жалпы аумағы 886 гектарды құрайды. Әрі бұл аймақтарда 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қала әкімдігінің мәліметі бойынша, индустриалды аймақтардың дамуының арқасында биыл қаладағы өнеркәсіп өнімінің мөлшері 850 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 пайызға жоғары. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде қаладағы 5 өндірістік аймақ та толып қалған, онда жаңа кәсіпорындар ашатын жер жоқ, сол себепті әкімдік тарапынан жаңадан «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» жеке индустриалды аймақтарының инженерлік- инфрақұрылымы жүргізілуде. Бұл өндірістік аймақтарда 111 жоба іске асырылып, 10 мыңға жуық жұмыс орындары ашылады. Айта кетейік, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 23,1 пайызы Шымкентте жасалады. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Мәселен, Шымкентте биылғы жылдың 8 айында жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 22 миллиард 401 миллион теңге болды. Өткен 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4 миллиард 342 миллион теңгеге артқан. Шымкентте ауылшаруашылығы өнімдерін сақтайтын қойма кешендері көбейеді. Бүгінде сауда-логистикалық орталығында  «НМИ — ЮГ» көп функционалды қойма кешені салынуда. Қала әкімі М.Әйтенов жауаптылармен бірге алаңда болып, құрылыс барысын тексерді.  Жобаға сәйкес,  ғимараттың аумағы 22 мың  шаршы метрге жуықтайды.  Тоңазытқыш камерасында тәулігіне 1455 тонна өнім сақтауға болады. Ал ұн өнімдерін сақтайтын орында 327 тонна тауар сақтауға мүмкіндік бар. Кешен іске қосылғанда 100 ден астам адамды жұмыспен қамтиды.  Қазір өндірістік кестеге сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстары 30 пайызға аяқталған. Жоспар бойынша қойма кешені келесі жылы қолданысқа беріледі.  М.Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс қарқынын күшейтіп,  сапаны назарға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, нысанды шаруаларға қолайлы етіп жабдықтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin