• 13.04.2026 14:20

ШЫМКЕНТТЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Автор:admin

Апр 13, 2026

 

Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Бұл жөнінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы Утебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді. Кездесуде 2026 жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы таныстырылды.

Басқарма басшысының айтуынша, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында халықты тұрақты жұмыспен қамту маңызды бағыттардың бірі саналады. Осыған орай, 2026 жылға 31 398 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған. Есепті кезеңде бұл көрсеткіш 8 179 адамды құрап, жоспарлы жұмыстың кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Жоспарға сәйкес, 21 952 азаматты субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шараларымен қамту көзделген. Алайда алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша кейбір бағыттарда жоспардың толық орындалмағаны байқалады. Мәселен, кәсіпкерлікті қолдау шараларымен 2 530 адамның орнына 1 033 адам қамтылған. Субсидияланатын жұмыс орындарына 4 335 адамның орнына 756 адам жолданған. Ал бос жұмыс орындарына жоспарланған 11 427 азаматтың 2 098-і ғана жұмысқа орналасқан. Кәсіптік оқыту бойынша 3 660 адам жоспарланып, нақты 2 257 адам оқуға жіберілген.

Жалпы алғанда, жұмыспен қамту шараларына 6 265 адам жолданып, жоспардың орындалу деңгейі 28,5 пайызды құрады.

Сонымен қатар, қалада жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылға 9 446 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 9 086-сы тұрақты, ал 360-ы уақытша жұмыс орындары. Есепті кезеңде нақты 1 914 жұмыс орны ашылған.

Атап айтқанда, түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамалар аясында 2 527 жұмыс орнын ашу көзделіп, бүгінгі таңда 137 жұмыс орны іске қосылған. Ал жеке бастамалар есебінен 6 919 жұмыс орнын құру жоспарланып, қазіргі уақытта 1 777 азамат жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштер жекеменшік сектордың белсенділігін айқындайды. Аталған жұмыс орындары жекеменшік балабақшаларда, спорт кешендерінде, білім беру ұйымдарында, дәріханаларда, сондай-ақ қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету салаларында ашылған.

Жалпы, Шымкент қаласында халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Алдағы кезеңде бұл шаралар одан әрі жалғасын тауып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға өз үлесін қоса бермек.

Толығырақ: https://youtu.be/Lk2hEiH2Yn0
#РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ

Автор: admin