Шымкент қаласының дамуында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі айрықша маңызға ие. Өйткені, жолдардың кең, тегіс әрі сапалы болуы қала экономикасының дамуына, тұрғындардың өмір сапасына және азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіні белгілі.
Осы орайда Шымкент қаласында жол инфрақұрылымы мен көлік саласын дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ. 2025 жылы жалпы ұзындығы 40,8 шақырымды құрайтын 15 нысанда жол құрылысы және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Қонаев даңғылының жалғасының құрылысының жалпы ұзындығы 16,3 шақырымды құрайды және және 6 кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда жұмыстар 1,3,4,6 кезеңдерде аяқталған. Биыл құрылыс жұмыстарының қалған 2, 5 кезеңдері жүргізілуде, 2 кезеңді аяқтау 2025 жылға жоспарланған, 5-кезең 2026 жылы аяқталатын болады.
Қайта құрудан өтіп жатқан А-2 автомобиль жолының жалпы ұзындығы — 28,2 шақырым және 8 кезеңді қамтиды.
Бүгінгі таңда жұмыстар 1, 2, 3, 4 кезеңдерде аяқталған. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары қалған 5, 6, 7, 8 кезеңдерде жүргізілуде. Оның ішінде 6, 7, 8 кезеңдерді аяқтау 2025 жылға жоспарланған, 5-кезең 2026 жылы аяқталатын болады.
Бәйдібек би даңғылындағы (Зообақ-Бозарық айналма жолы аралығы) кептелістерді жою мақсатында Алтынсарин көшесінің жалғасының (Төлеметов көшесінен Тұран шағын ауданы аралығы) құрылысы атқарылуда. Жобаның ұзындығы 2,3 шақырым. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылы аяқтау жоспарланған.
Одан бөлек, Жандосов көшесінің жалғасын салу (Адырбеков-Сасбұқаев көшесі аралығы), ұзындығы – 400 метр және Асар – Шымсити шағын аудандарын қосатын жол құрылысы (Түркия көшесі мен А-2 жолын байланыстырады), ұзындығы — 1,1 шақырым. Аталған 2 нысан да ағымдағы жылы пайдалануға берілетін болады.
Қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуда өткелдер салу, көлік кептелесін азайту үшін маңызды болып табылады. Ағымдағы жылы қаламызда 2 теміржол өткелінің құрылысы жүргізілуде.
Атап айтқанда, Тленшин және Момынов көшелеріндегі теміржол өткелдерінің құрылысы. Бұл маңызды нысандарды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.
КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ. Биыл 17,1 шақырымды құрайтын нысандарда — Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелері және Ю.Сареми, Жаңақұрылыс күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылға жоспарланған.
ОРТАША ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ. 2025 жылы ұзындығы 161,2 шақырымды қамтитын 252 көшеде орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, тиісті жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылуда.
БАҒДАРШАМ. 2025 жылы Шымсити және Тұран ш/а 6 орынға, қаланың басқа да көшелеріндегі 25 орынға бағдаршам нысандарын орнату жоспарланған.
ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ӨТКЕЛІН ЖАРЫҚТАНДЫРУ. Жалпы қала аумағында реттелмейтін 487 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Жаяу жүргіншілер өткелін қосымша жарықтандыру құрылғысын орнатуды қажет ететін, көлік ағыны жоғары 200 орын анықталған. 2025 жылы 100 орынға жарықтандыру орнату жоспарланған.
ЖОЛ БЕЛГІЛЕР ОРНАТУ ЖӘНЕ АУЫСТЫРУ. 2025 жылы 6 000 дана жол белгілерін ауыстыру және орнату жоспарланған.
Сонымен қатар, мектеп, балабақша, емхана және т.б. орындарда қауіпсіз жол қозғалысты ұйымдастыру мақсатында 2025 жылы 1200 метр жасанды жол кедергілері орнатылатын болады.
КӨШЕ ЖАРЫҚШАМДАРЫН ОРНАТУ. 2025 жылы қала көшелерін 100% көше жарық шамдарымен қамтылмақ.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК САЛАСЫ. Бүгінгі таңда 80 тұрақты маршруттарда күнделікті 949 автобус жолаушыларды тасымалдауда, оның ішінде 79 маршрут әлеуметтік маңызы бар маршрут деп айқындалған. Аталған маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетуде.
Жалпы көліктердің саны 1120 бірлікті құрайды, оның ішінде 44 автобус 3 жылға дейін, 1060 автобус 5 жылға дейін және 7 жылдан асқан 16 автобус. Маршруттарда қызмет көрсететін автобустардың 100% GPS треккерлермен жабдықталған.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕРДІ ЖАҢАРТУ.
Ағымдағы жылы тасымалдаушылар тарапынан 205 жаңа автобустарды сатып алу көзделуде, оның ішінде газ метанды пайдаланатын 180 автобус және 25 шағын автобус.
Аталған автобустар ескірген, талаптарға жауап бермейтің автобустардың орнына ауыстырылады және жаңа маршруттарда қызмет көрсетеді.