• 27 апреля, 2024 4:32 дп

Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласына — мемлекеттен қолдау бар!

Автор:admin

Май 13, 2023

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндірілетін тауарлардың 20,7 пайызы Шымкентте жасалады екен. Бұл көрсеткіш жылдан жылға ұлғаюда. Шымкенттен шығатын өнімнің 3,9 пайызын жеңіл өнеркәсіп саласы құрайды. Мегаполисте әсіресе, тоқыма бұйымдарын жасау кең өріс алған. Нақтысын айтсақ, республикада өндірілетін мақта-мата өнімдерінің 87 пайызы, шұлықтың 68 пайызы, ал, кілемнің 100 % Шымкенттен шығады. Осылайша Шым шаһар отандық текстиль өндірісінің ірі орталықтарының біріне айналды. Жеңіл өнеркәсіп кешені аталып кеткен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймаққа топтасқан тоқыма фабрикалары жылына мыңдаған тонна өнім өндіріп, тұтынушыға сапалы тауарын ұсынып отыр. Шымкент – инфрақұрылымы дамыған, еңбек ресурсы әлеуетті мегаполис. Қазақстанның өзге қалаларымен салыстырғанда Шымкенттің Орталық Азияда инвестициялар мен технологияларды тартудың жаңа орталығына айналуына мүмкіндігі көп. Шымкентте жеңіл өнеркәсіптің дамуына «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын тиіп отырғанын айта кетейік.   «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы 2005 жылы құрылған болатын. 200 га аумақты алып жатыр.  Резиденттер үшін тегін жер учаскесі, жер салығын, мүлік салығын және корпоративтік табыс салығын төлеуден босату түрінде инвестициялық жеңілдіктер мен преференциялар көзделген. 100 % инфрақұрылыммен қамтылған. Сондай-ақ, АЭА аумағында сумен жабдықтау және электр энергиясына тарифтер Шымкент қаласында жалпы белгіленген тарифтерден айтарлықтай төмен екенін атап өткен жөн. Өндірісі қарыштап дамып келе жатқан Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында арнайы экономикалық аймақта кәсіпорындар аз емес. «AZALA Textile», «Арайлы», «Жібек.М.», «Гаухар» тігін фабрикасы, «АГФ Групп» өндірістік компаниясы, «Alatex», «Жаңаталап-МТ», «Kazplast», «Шабитекс», «AZALA Cotton», «Әлем-БТ», «Хлопкопром-Целлюлоза», «Бал Текстиль», «НазарТекстиль» сынды кәсіпорындардың әрқайсысы негізін еліміз егемендік алған жылдары қалаған. Бұл Тәуелсіздік жылдарының жемісі. Айта кетсек, «Оңтүстік» АЭА инвестициялық портфелі (жалпы құны 86,1 млрд.теңге болатын) 44 жобадан тұрады. Олар 4 318 жұмыс орнын құрып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуда. Үзіліссіз жұмыс істеп тұрған 22 жобаға 32,6 млрд.теңге инвестиция тартылған. 2282 жұмыс орны ашылған.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin