• 20 апреля, 2024 12:39 дп

Шымкентке тартылып жатқан экономикалық инвестиция көлемі ұлғайды!

Автор:admin

Апр 6, 2023

Бүгінде 35 экспорттаушы-кәсіпорынның 29-ы мемлекеттік қолдаудың жоғарыда айтылған түріне өтінім берген. Оның қатарында Ferrum-Vtor, «Шымкент темір», Pioneer Grain Produkt, Grain House-555, Turan Skin, «Қайнар» және «Каз Мед Пром» секілді ірі әрі табысты компаниялар да бар. Сыртқы сауда айналымы, оның ішінде экспортталатын өнім көлемі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңындағы көр­сеткішпен салыстырғанда 1,5 есе арт­қан үшінші мегаполисте өнер кәсіпті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің жақсара түсуіне ықпал етері анық. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту бағытындағы жұмысты жандандыра түсуде қалада құрылып жатқан екі бірдей агро-индустриалды аймақты пайдалануға басымдық беріп келеді. Бүгінде 10,2 млрд теңгеге 10 жоба жүзеге асырылған. Инвестицияның артуына индустриялық аймақ, көлік-логистикалық аймағы және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы зор үлес қосуда. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Береке Дүйсебековтің бізге берген мәліметтеріне жүгінсек, биыл 6 айда қала экономикасына 131,8 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18,9%-ға артқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 165 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар 2021-2025 жылдары жалпы құны 2,6 трлн теңге болатын 282 инвестициялық жоба іске асырылып, 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 2021 жылы жалпы құны 166,7 млрд теңге болатын, 2,5 мың жаңа жұмыс орнымен, 68 инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланған. «Оңтүстік» индустриалды аймағында 72 жоба іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылды және оған 62,0 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Ал «Тассай» индустриалды аймағында жалпы құны 26,3 млрд теңгелік 17 жоба іске қосылып, онда мыңға жуық жұмыс орындары ашылды. Көлік логистикалық аймағында 32,5 млрд теңгеге 53 жұмыс орнын құрумен 8 жоба іске асырылуда. Бүгінде 15,9 млрд теңгеге 225 жұмыс орнын құрумен 3 жоба жүзеге асырылған. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвес­тиция көлемі 42,9 млрд теңге тұратын 25 жоба іске асырылып, 2,3 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Шымкенттегі қос индустриалды аймақтың территориясы 427 гектарды құрайды. Оған 90 млрд 100 млн теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде, индустриялық аймақтар құ­рыл­ғалы онда орналасқан кәсіпорындар 260 млрд теңгенің өнімін өндіріп, оның 110,9 млрд теңгелік өнімін шетелдерге экспорттаған. Индустриалық аймақ қатысушылары 5 500 адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке 19,5 млрд теңге салық төлеген. Соның нәтижесінде қаланың экономикасы тұрақталып, ха­лық­тың жұмысқа орналасуы арқылы әлеуметтік мәселесі шешімін табуда.

Jsk ақпарат

Автор: admin