• Вт. Окт 13th, 2026

Шаңырақ шағын ауданында екі жаңа балалар ойын алаңшасы пайдалануға берілді

Автор:jsk.kz

Авг 22, 2026

 

Қасым-Жомарт Кемелұлының пайымдауынша, туған жерді абаттандыру және оны ұқыпты ұстау – нағыз отансүйгіштік пен «Адал азамат» тұжырымдамасының басты белгісі.

Мемлекет тарапынан қаншалықты қаржы бөлініп, жұмыс жасалса да, тұрғындардың өз ауласы мен көшесіне деген жанашырлығы болмаса, нәтиже тұрақты болмайды. Сондықтан Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықты, әсіресе жастарды өз үйінің маңын, ауласын және туған өлкесін таза ұстауға, вандализмге жол бермеуге және жаңадан ойын алаңшаларын салып, балаларға қамқорлық танытуға үндейді. Осы орайда Шымкент қаласының Еңбекші ауданындағы Шаңырақ шағын ауданында балаларға арналған екі жаңа ойын алаңшасы пайдалануға берілді. Жаңа нысандар Шымқорған және Мерей көшелерінде орналасқан.

Ойын алаңшаларының ашылу рәсіміне Еңбекші ауданының әкімі Д.К. Есілбек, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл ақсақалдары мен шағын аудан тұрғындары қатысты.

Аталған нысандар «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсынысы негізінде жүзеге асырылды. Жоба тұрғындардың өз аумағын абаттандыруға қатысты бастамаларын қолдап, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

Екі бірдей жаңа ойын алаңшасының ашылуы шағын аудан тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналды. Мерекелік шараға жергілікті ақсақалдар, аналар мен жүздері қуаныштан бал-бұл жанған кішкентай бүлдіршіндер қатысты.

Ашылу салтанатында балаларға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Аниматорлар бүлдіршіндерге түрлі ойындар өткізіп, танымал кейіпкер Микки Маус балалардың қуанышына ортақтасты. Мерекелік шара барысында балаларға ойыншықтар мен балмұздақтар таратылды.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған ойын алаңшалары балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, асыр-салып, таза ауада ойнауына қолайлы.

Еңбекші ауданы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, шағын аудандар мен тұрғын үй алаптарын абаттандыру, балалар мен спорт алаңшаларын салу жұмыстары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасады. Негізгі мақсат — ауданның әрбір көшесі мен ауласында тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыру.

Шымқорған мен Мерей көшелерінде пайдалануға берілген бұл екі жаңа нысан Шаңырақ шағын ауданының көркін ашып, кішкентай тұрғындардың ең бақытты шақтары өтетін сүйікті орталығына айналары сөзсіз.

Жаңа нысандардың ашылуы тұрғындардың ұсыныстары нақты іске асып, халыққа қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың нәтижесі. Елді мекендерді абаттандыру және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Автор: jsk.kz