Түркістан облысының көркем де таулы өңірі – Төлеби ауданында ұлттық спортты ұлықтауға бағытталған облыстық «Көшпенділер ойыны» жоғары деңгейде өтті. Жастардың рухын көтеріп, ата дәстүрді жаңғыртуды мақсат еткен шараны «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды. Биылғы ойындар Бірінші Мамыр ауылындағы «Төлеби» спорт клубында дәстүр бойынша бесінші рет өткізілді.
Бұл сайыс – қазақ халқының терең тарихынан тамыр алған ұлттық ойындарды насихаттап қана қоймай, жас буынның бойына батылдық, ептілік пен қажыр-қайрат сынды қасиеттерді сіңіруді көздейтін маңызды дода. Дәстүрлі ойындардың қатарында садақ ату, асық ату, қазақ күресі, көкпар жекпе-жегі, аударыспақ, мас-рестлинг және арқан тартыс секілді халық арасында кең тараған спорт түрлері қамтылды.
Жарысқа облыс көлеміндегі 14 пен 35 жас аралығындағы 150-ге жуық жас қатысты. Барлығы 10 команда өзара бақ сынасып, шеберліктерін ортаға салды. Әр команда ұлттық рухты жоғары қойып, ойын тәртібін сақтай отырып, белсенділік танытты. Әсіресе көкпар жекпе-жегі мен қазақ күресіндегі тартыстар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Жарыс нәтижесі төмендегідей болды:
І орын – Қазығұрт ауданы (500 000 тг)
ІІ орын – Төлеби ауданы (300 000 тг)
ІІІ орын – Арыс ауданы (200 000 тг)
«Ерекше киім үлгісі» – Келес ауданы (50 000 тг)
«Үздік ұжым» – Бәйдібек ауданы (50 000 тг)
«Үздік атбегі» – Сарыағаш ауданы (50 000 тг)
Сонымен қатар барлық қатысушы командаларға 50 000 теңгеден ынталандыру сыйақысы, арнайы кубоктар мен дипломдар табысталды. Бұл — әр жастың еңбегін бағалауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров сөз сөйлеп, «Көшпенділер ойынының» ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі және жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырудағы рөлін ерекше атап өтті. Олар мұндай іс-шаралардың жас ұрпақты отансүйгіштікке, бірлікке және салауатты өмір салтына тәрбиелеудегі маңызын атап, қатысушыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.
Облыстық «Көшпенділер ойыны» жыл сайын ауқымын арттырып, жастар арасында ұлттық спортты кеңінен насихаттаудың тиімді құралына айналып келеді. Төлеби төріндегі бұл дүбірлі дода – ұлттық рухты асқақтататын, жас спортшылардың шеберлігін шыңдайтын айтулы шара болды.
Jsk ақпараттық агенттігі
