• 14 декабря, 2025 12:10 пп

Тұрғындарға интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы ақпараттар түсіндірілді

Автор:admin

Ноя 20, 2025

Қазіргі таңда интернет кеңістігінің қарқынды дамуы адамдардың күнделікті өміріне үлкен жеңілдіктер әкелгенімен, оның көлеңкелі тұстары да аз емес. Соңғы жылдары тұрғындар арасында интернет-алаяқтық фактілері жиілеп, азаматтардың жеке деректеріне, банктік шоттарына, тіпті материалдық мүлкіне қауіп төндіруде. Мұндай қылмыстардың алдын алу, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және өз мүлкіне сақтықпен қарауға үйрету құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерінің біріне айналды. Осыған байланысты Кентау қаласының Полиция бөлімі интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, халықпен тығыз байланыс орнатуда.

Атап айтқанда, Кентау қаласының Полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Сейітхан Конысов, учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Нұрдаулет Серікбай және учаскелік инспектор, полиция лейтенанты Жасұлан Әбдірахым «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандарымен бірлесе отырып, Кентау қаласының орталық мешітінде және Қарнақ ауылындағы «Қарнақ мешітінде» тұрғындармен кездесу ұйымдастырды. Шараға қала, ауыл ақсақалдары, тұрғындары және жастар қатысып, интернет алаяқтарының жиі қолданатын әдістері, олардың азаматтарды алдау жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Түсіндіру жұмыстары барысында полицейлер интернет-алаяқтықтың негізгі түрлерін атап өтті: жалған сайттар арқылы банктік деректерді ұрлау, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру, әлеуметтік желілердегі күмәнді сілтемелер, жеңіл жолмен табыс табуды ұсынып, ақша аудартқызу, онлайн-сауда алаңдарындағы жалған мәмілелер және тағы басқа кең таралған тәсілдер. Сонымен қатар тұрғындарға белгісіз нөмірден келген сілтемелерді ашпау, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді бермеу, өз банк картасын ешкімге ұсынбау, күмәнді хабарламаларға сенбеу қажеттігін қатаң ескертті.

Кездесу барысында азаматтарға ақпараттық жадынамалар таратылып, онда алаяқтықтың алдын алу туралы кеңестер, шұғыл жағдайда хабарласатын нөмірлер, полицияға жүгіну тәртібі көрсетілді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға полиция қызметкерлері нақты мысалдармен жауап берді. Сондай-ақ өмірде жиі кездесетін алаяқтық схемаларын атап, әрбір азаматтың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін не істеу керектігін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Бұл іс-шаралар Кентау қаласының полиция қызметкерлерінің интернет-қауіпсіздік мәселесіне айрықша назар аударып, қылмыстың алдын алу бағытында жүйелі түрде жұмыс істеп жатқанын айқын көрсетеді. Құқық қорғау органдарының бастамасымен ұйымдастырылған мұндай бағыттағы жұмыстар тұрғындардың сақтық деңгейін арттырып қана қоймай, интернет кеңістігінде өздерін қалай қорғау керектігі жөнінде нақты түсінік қалыптастырады.

Алдағы уақытта да полицейлер тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстары жалғасын тауып, қала мен ауыл тұрғындарына цифрлық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған шаралар тұрақты түрде өткізілетін болады. Бұл – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамдарының бірі.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin