• 23 февраля, 2026 11:37 пп

ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Автор:admin

Ноя 18, 2025

Ордабасы ауданы бойынша жалпы білім беретін мектептерде жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту және есірткіге қарсы күресті күшейту мақсатында “Заң мен тәртіп” қағидатын ілгерілету бағытында бірқатар түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Соның ішінде Бадам және Бөржар ауыл округтерінде өткен “Нашақорлыққа жол жоқ” атты кездесу оқушылар мен ата-аналар үшін үлкен маңызы бар іс-шараларға айналды.

Кездесулердің негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен ата-аналарға нашақорлықтың зияндылығын жан-жақты түсіндіру, оның жеке тұлғаға, отбасыға және қоғамға тигізер кері әсері туралы нақты ақпарат беру. Есірткіге әуестенудің адам психологиясын бұзатыны, денсаулыққа ауыр залал келтіретіні және өмірлік мүмкіндіктерді шектейтіні мамандардың баяндамаларында кеңінен айтылды.

Іс-шараның басты бағыттары мен мақсаттары:

оқушылар мен ата-аналарды нашақорлықтың алдын алу жолдары туралы ақпараттандыру;

жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру;

жасөспірімдерге дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын жеткізу;

ата-аналарға бала тәрбиесіндегі бақылаудың және сенімді қарым-қатынастың рөлін түсіндіру.

Кездесудің міндеттері төмендегідей болды:

Нашақорлықтың денсаулыққа, психологияға және қоғамға тигізетін залалы туралы нақты деректерді түсіндіру;

Балалардың өмірлік құндылықтарын қалыптастыруға көмектесу, адастырмас шешім қабылдауға бағыт беру;

Ата-аналардың жасөспірімдердің қауіпсіздігіне жауапкершілігін арттыру.

Іс-шараларға Ордабасы аудандық прокуратурасының прокуроры Төлеметов Шыңғыс Қыдыралыұлы, Ордабасы аудандық білім бөлімінің әдіскері Алимкулов Нуртас Курманович, Ордабасы аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы Көпбосын Ақтөре Садықұлы қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Мамандар нақты мысалдар келтіріп, нашақорлықтың алдын алу жолдары, ата-ана мен бала арасындағы сенімді байланыс, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру сынды мәселелерді кеңінен талқылады.

Кездесу пікір алмасу түрінде өтіп, оқушылар мен ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Қатысушылар мұндай түсіндіру шаралары жасөспірімдер арасында қауіп-қатердің алдын алуға, оларды дұрыс өмір жолына бағыттауға үлкен үлес қосатынын ерекше атап өтті.

Ордабасы ауданында нашақорлыққа қарсы күрес – тек бір саланың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Салауатты өмір салтын ұстанатын, ойы сергек, болашағы жарқын ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың, әрбір ұстаздың және әрбір азаматтың тікелей жауапкершілігі.

Нашақорлыққа жол жоқ! Жас ұрпақтың амандығы – елдің ертеңі!

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin