• 29 марта, 2024 2:38 пп

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНЕН САЯСИ ҚУҒЫНҒА ҰШЫРАҒАН 5184 АЗАМАТ КОМИССИЯҒА АҚТАУҒА ҰСЫНЫЛДЫ

Автор:admin

Май 31, 2023

Елімізде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған тарихи-танымдық және еске алу іс-шаралары өтіп жатыр. Осы күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелерін қабылдап, пікір алмасты. Атқарылып жатқан жұмыстар баяндалып, алдағы жоспарлар туралы да ой қозғалды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің мәніне тоқталып, ұлт бірлігін сақтау аса маңызды екенін айтты. Өткенімізге көз жүгіртсек, халқымыз түрлі нәубеттерді бастан өткерді. Тәуелсіздік бізге үздіксіз күрес нәтижесінде, мыңдаған құрбанның жанкештілігінің арқасында келді. Сондықтан біз ұлт үшін шейіт болған қайраткерлерді, тұлғаларды, ашаршылық құрбандарын, өткен тарихымызды ұмытпауымыз керек. Бұл ретте Түркістанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешен ашу құптарлық іс болмақ. Бұл ұсынысты талқылап, жұмыс атқарамыз. Бүінде тарихтағы ақтаңдақтарды терең талдап, репрессия құрбандарын зерттеуге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отыр. Сіздер осы жұмыстың ортасында жүрсіздер. Қоғамдық жұмысты атқару, мұрағаттардағы құжаттарды зерттеу оңай емес. Қайраткерлік және өз ісіңе деген сүйіспеншілік қажет. Қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында профессор Досай Кенжетай комиссияның жұмысы, анықталған тың деректер туралы ой қозғады. Түркістандағы саяси қуғын-сүргінге қатысты деректер табылғанын атап өтті.
Облыс әкіміне комиссия жұмысы нәтижесінде жарық көрген кітаптарды тарту етті. Сонымен бірге журналист Мәриям Әбсаттар «Алаш зиялыларының соңғы сөзі» атты кітабы туралы баяндады. Репрессия құрбандары мен еліміздің тәуелсіздік алуына үлес қосқан қайраткерлерді ұрпақ санасына сіңіру үшін ақпараттық технологиялардың жетістіктерін қолдану, жаңа тәсілдерді қолға алу, жас оқырманның дүниетанымына сай туындылар шығару жөнінде пікірін білдірді.
«Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві» мекемесінің басшысы Гүлнар Шардарбекова Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясының атқарған жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, екі жылдан астам уақытта комиссия 9 бағытта жұмыс жүргізген.
Нәтижесінде Түркістан өңірінен саяси қуғынға ұшырап, жазықсыз жапа шеккен 5184 азамат туралы деректер анықталып, құқықтық түрде ақтауға ұсынылған. Олардың 3090-ы бай-кулактар деп айыпталып, мал-мүлкі тәркіленген. Бостандық көтерілісіне қатысқандар туралы да деректер жиналған. Аудан, қалаларда саяси қуғын-сүргін құрбандларынан естеліктер жинақталуда.
Түркістан өлкесіндегі «Алаш» қозғалысы мен қайраткерлері, Созақ, Бостандық көтерілістеріне, Шаян оқиғасына қатысты мәліметтер де зерттеуге алынған. Ғалымдарымыз Өзбекстан, Тәжікстан архивтері мен кітапханаларында, ҚР Президентінің архивінде, ҚР Орталық архивінде және облыстық, аудандық архивтерде жұмыстар жүргізген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады.
Өңір басшысы комиссия бастамаларына сәттілік тілеп, кездесуде айтылған ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
2021 жылы 14 қаңтарда облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия және сәйкесінше, облыстық жұмысшы топ құрылған.
Екі жыл ішінде атқарылған жұмыстар нәтижесімен «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның 33 томдық материалдар жинағы. ХХ ғасырдың 20-50 жылдары» атты жинақтың 2 томында (№14, №33) Түркістан облысында жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жинақталған материалдар орналастырылған. Сонымен қатар өңірлік комиссия мен жұмысшы топ жасаған зерттеулер нәтижесінде 6 құжаттар мен мақалалар жинағы, 1 ақтауға ұсынылатындардың тізімі, 1 монография шығарылды.
Мемлекеттік комиссия төрағасының тапсырмасына сәйкес биыл «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы бойынша мұрағаттық құжаттардың 10 томын, «Халық жады» еске алу кітаптарының 20 томын шығару жоспарланып отыр. Бұл кітаптарға да Түркістан өңірінен жинақталған деректер енгізілмек.

Автор: admin