Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында өткен Жібек жолы өнерінің 11-ші халықаралық фестивалі биыл ерекше мазмұнға ие болды. Әлемнің әр түкпірінен жиналған шығармашылық ұжымдармен қатар, Қазақстанның рухани орталығы саналатын Түркістан облысының өнерпаздары да аталған мерекелік шараға қатысып, ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік алды. Бұл – өнер мен мәдениеттің үндескен, халықтар достығын күшейтетін маңызды алаңы.
Фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулдығының және «Turkistan Invest» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейде өтетін мұндай мәдени басқосулардың мәні зор. Өйткені ол елдер арасындағы мәдени, экономикалық және рухани байланыстарды нығайтуға, өзара серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Түркістандық өнерпаздардың қатысуы – Қазақстанның бай мәдени мұрасын әлемге паш етудің тағы бір жарқын дәлелі.
Фестиваль аясында Түркістан облысының шығармашылық ұжымы қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрін көрермендерге кеңінен таныстырды. Қазыналы Түркістанның тарихы мен рухын бейнелейтін әндер, би туындылары және дәстүрлі музыкалық нөмірлер шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Қазақтың ұлттық киімдері, әуезді әуендері мен сахналық қойылымдары көрерменнің ықыласына бөленіп, рухани мереке ретінде қабылданды. Көпшілік өнерпаздардың кәсіби шеберлігін, сахналық мәдениетін жоғары бағалады.
Бұл мәдени шара Түркістан облысы мен Қытайдың Шэньси провинциясы арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуге ықпал етті. Шара барысында тараптар мәдени және гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде пікір алмасып, алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниет білдірді. Жібек жолы бойындағы елдер арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтатын мұндай мәдени диалогтар халықаралық байланыстардың дамуына тың серпін береді.
Фестивальге қатысқан түркістандық өнерпаздардың өнері – халқымыздың асыл мұрасын, дәстүрін, рухани байлығын әлем жұртшылығына танытудың жарқын үлгісі болды. Бұл – Қазақстан мәдениетінің халықаралық аренадағы орны нығайып келе жатқанын көрсетеді. Осындай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, елдер арасындағы мәдени көпірді берік ете түсетіні анық.
Jsk ақпараттық агенттігі
