Жалпы азамат тарихына үңілсек, әлемдегі озық өркениеттер ұлттық сипаттан бастау алғандығын білеміз. Біз әлемге еліміздің жаңаша бет-бейнесін танытып, өткен дәуірден қалған таптаурын қағидаларды өзгертіп, орындалмайтын «елес идеологиялардан» бойды аулақ ұстауға, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізбекпіз. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жаңғыруы байыпты қалыпта, уақыт талабын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Эволюциялық жолмен жаңғыру қазақстандық азаматтың басты бағдарына айналмақ. Олай деуімізге себеп әлемдегі түрлі революциялардың ешқашан оңтайлы нәтиже әкелмегенін білеміз. Жаһандану үрдісіндегі басты талап қазақ тілімен бірге әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашып, әлемдік озық тәжірибелер мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік әпермек. Дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан 30 жылда биік белестерді бағындырып, бірліктің арқасында бірегей жетістіктерге жетті. Алдымен ел тұрмысына елеулі көңіл бөлген мемлекеттік саясат ендігі кезекте жеткен жетістіктерімізді еселеуді көздеп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ұлт болып ұйысуымыздың өте маңызды екенін алға тартты. Өйткені біздің жеткен жетістіктеріміздің негізі халқымыздың ынтымағында. Бәріміз үшін бағалы да, құнды да, маңызды да ел бірлігі. Одан артық ештеңе жоқ. Санамыздың ізімізден озып жүруі, ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуы – ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың бірегей жолы. Бұл бағдар әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді деп сенемін. Сондықтан болар Түбі бір Түркістан қаласында ұлтаралық келісім мен татулық ажырамасы егіз ұғым. Бүгінде Түркістан қаласында: қазақтар (69,48%) өзбектер (27,8%) түріктер (0,99%); орыстар (0,77%) құрап отыр. Ұлтаралық және конфессияаралық келісім біздің еліміздің барлық ішкі саясатының негіздерінің бірі болып табылады. Өз кезегінде, ұлтаралық келісім мен конфессияаралық татулық төзімділікке негізделген. Қазақстан-әлеуметтік сараланған полиэтникалық қауымдастық, онда субъектілер әртүрлі мүдделердің болуымен, олардың мәдени және саяси белсенділігінің әртүрлі деңгейімен сипатталады. Сонымен қатар, елімізде этномәдени әралуандықты қоғамдық дамудың оң факторына айналдыру үшін барлық алғышарттар бар, өйткені барлық ұлттардың өкілдері өздерін жаңа мәдени қауымдастықтың — Қазақстан халқының жасампаздары ретінде сезінеді. Посткеңестік кеңістіктегі барлық елдерде Қазақстанның ең басты жетістіктерінің бірі-этносаралық келісім, елдегі бейбітшілік пен тыныштық. Бұл-біз сақтап отырған және кейінгі ұрпаққа беруге тиіс басты құндылық және басты игіліктер. Бүгінгі геосаяси ахуалдың күрделі жағдайында конфессияаралық және ұлтаралық келісім жаһандық күн тәртібінен түспеуде. Ал Қазақстан бұл принципті елдегі қоғамның көп этносты, көп конфессиялы қалыптасуы жағдайында жариялады. Сонымен қатар, сол жылдары монархиялық, кеңестік биліктің зардаптары сақталып қалғанын байқамау мүмкін емес те еді. Саяси және экономикалық отаршылдық мемлекеттің тәуелсіздігіне барынша кедергі келтірді. Соған қарамастан, еліміз тәуелсіздік алу мұратынан бір сәт те шегінген емес.
Бүгінде Қазақстан өзінің гуманистік, демократиялық және толерантты сипатымен ерекшеленеді. Соның айқын бір көрінісі – ұлтаралық татулық пен келісімді сақтауды алдына мақсат етіп қойған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Этносаралық тұрақтылық, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру туралы айтқанда, біз оларды елдің ұлттық қауіпсіздігінің жалпы тұжырымдамасының құрамдас бөлігі ретінде қарауымыз керек. Қазақстан түрлі этномәдени бірлестіктер мен нанымдардың өкілдері тұратын полиэтникалық қауымдастық болып табылады. Этносаралық қатынастар үлгісінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің жанды құралы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды орын алады. Ұлттық саясаттың негізгі элементтерінің бірі басқа этностар үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып, бір мезгілде қазақ мәдени өзегін мақсатты дамыту болып табылады. Бұл бейбіт қатар өмір сүрудің өзіндік формуласы. Тәуелсіздік жылдарында елімізде қоғамдық тұрақтылықты, этносаралық келісімді қамтамасыз етудің, қазақстандық бірегейлік пен жалпықазақстандық патриотизмді қалыптастырудың өзіндік моделі іске асырылды. Тәуелсіздік жылдарындағы Республиканың мемлекеттік саясаты рухани құндылықтарды жаңғыртуға және әртүрлі халықтар мен конфессиялар өкілдері арасындағы толеранттылықтың жоғары деңгейін қалыптастыруға бағытталды. Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы ел халқының көпұлтты, көпконфессиялы қалыптасуы жағдайында жүзеге асты. Мұнымен қоса монархиялық және кеңестік биліктің барынша асқынған ауыр зардаптары еншіге қалды. Саяси және экономикалық отарлық тегеурін қазақ халқының дербестікке ұмтылысына барынша кедергісін келтіріп бақты. Соған қарамастан, еліміз тәуелсіздікке ие болу мұратынан бір сәтке жаңылған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеті әлемге гуманистік, демократиялық және толеранттылық сипатымен даралана бастады. Мұның айқын бір көрінісі – ұлтаралық татулық пен келісімді ту еткен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымының өмірге келуі. Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде. Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.
Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кейбір мысықтілеулер Қазақстан Республикасын құру мүмкін емес деген болжамдар айтып жатты. Олардың мұндай «диагноз» қоюына республиканың көп ұлтты болуы себеп болса керек. Тіпті, елімізге қатысты «көп ұзамай ұлтаралық жанжалдар туындайды» деген болжамдар да айтылды. Әлбетте, мұндай негізсіз, дәйегі жоқ болжамдардың барлығы барша халықтың еліміздің ертеңіне, ұлтымыздың болашағына, күдікпен қарауға себеп болды. Тәуелсіздік алған жылдары талай жұрттың елімізді тастап көшкені соның дәлелі. Алайда, соның өзінде елімізде қалған сан түрлі этнос өкілдері жетерлік еді. Сондықтан, осынау аумалы-төкпелі кезеңде еліміздегі ұлтаралық қарым-қатынасты, конфессияаралық жағдайды тезірек қолға алу қажет болды. Жағдайды тез бағдарлап үлгерген Мемлекет басшысының ұзақ жылдарға арналған, стратегиялық саясатының арқасында көздеген мақсатымызға жете білдік. Осы жылдар ішінде ел бірлігі бұзылған емес. Еліміздің бұл бағыттағы ұстанымы алдағы уақытта да жалғаса берері сөзсіз. Аталған дүниетанымдық ұстаным Қазақстан қоғамының саяси, мәдени және рухани-адамгершілік басымдықтары мен құндылықтық бағдарын айқындайтын негіз болып табылады. Әрбір нақты кезеңде ол байытылады, толықтырылады, нақтыланады, бірақ оның мәні бір болып қалады – көпэтникалық Қазақстанда әрбір адам оның этникалық, діни, нәсілдік және өзге де тиістілігіне қарамастан өзін еркін, қорғалған және өз болашағына сенімді сезінуі тиіс. Этносаралық келісімнің қазақстандық моделі өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеді. Мемлекет бастапқыдан барлық этностар үшін мемлекетті қалыптастыру мүмкіндігін беретін Қазақстанда тұратын халықтардың мүдделерін біріктіру, этностық емес, азаматтық қоғамды қалыптастыру пайдасына таңдау жасады. Кофи Аннан Қазақстан Республикасына сапары кезінде «басқа мемлекеттер үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақтылықтың, орнықты дамудың үлгісі» деп атады. Қазақстанда қазіргі уақытта қырыққа жуық діни сенім өкілдері тұрады, сондықтан этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.
JSK ENTER MEDIA
