• 12 января, 2026 5:09 дп

Түркістан қаласы экономикалық тұрғыдан 2024-ші жылға жетістігін қайталай алды ма?

Автор:admin

Дек 19, 2025

Түркістан қаласы – тарихи әрі рухани орталығы ретінде ғана емес, экономикалық әлеуеті айтарлықтай өсіп келе жатқан өңір. Оған қаланың орналасу аймағы, климаты мол мүмкіндік беріп тұр. 2024 жылы қала экономикасы айтарлықтай жетістіктерге жеткен болса, 2025 жылы бұл өсім күрделі макроэкономикалық жағдайларда да жалғасын тапты. «Өсім қандай, кемшіліктер қайда?» сараптамалық шолу жасап көрелік.

 

2024 жылы Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 452,6 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,4 %-ға өскені айтылған еді. Бұл өсімнің негізінде инвестициялық белсенділік маңызды рөл атқарды: сол жылы қалаға 400,2 млрд теңгеге жуық негізгі капитал инвестициялары тартылып, оның 46 %-ы – жеке инвестиция көздерінен келген. Мұндай қаржы ағыны екі өндірістік аймақтың (өсуші индустриалды және арнайы экономикалық) дамуына мүмкіндік беріп, мыңнан аса жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашты.

 

Ал 2025 жылы Түркістан облысында, оның ішінде қала экономикасында  серпін күшейе түскен. 2025 жылғы қаңтар — маусым аралығындағы жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы бағамен 2 056 328,7 млн теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты ЖӨӨ 9,5 %-ға өсім берген. Бұл көрсеткіш өңірдің өндіріс, қызмет көрсету салаларының дамуына деген сұранысының артуын көрсетеді: ЖӨӨ құрылымында тауар өндіру үлесі – 34,7 %, қызмет көрсету – 60,6 %.

 

Экономикалық іргелеумен қатар, инфляциялық қысым да ілесе келе жатқандай: 2025 жылдың қыркүйегінде тұтыну бағалары индексы 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 109,5 %-ды құрады, яғни шамамен 9,5 %-ға өсім тіркелді. Соның ішінде  азық-түлік тауарлары бағасы — 10,2 %-ға, азық-түлік емес тауарлар — 8,1 %-ға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер – 9,7 %-ға қымбаттады. Өндіруші кәсіпорындардың өнім бағалары да тұрақты өсіп – 2025 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылғы желтоқсан аралығында олар шамамен 2,3 %-ға артқан.

 

Бастысы сауда саласында белсенділік байқалады: 2025 жылдың қаңтар-қыркүйегінде бөлшек сауданың көлемі-315 537,7 млн теңгеге жетіп, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5 %-ға көбейді. Көтерме саудада өсу тіпті өз алдына ерекше: сол аралықта көтерме сауда көлемі-282 526,1 млн теңгеге жеткен, және ол 2024-пен салыстырғанда айтарлықтай үлкен өсім көрсетіп отыр.

 

Түкістан қаласының Ішкі саясатының береген мәліметінше, ішкі тауар айналымдарымен атар, халықаралық сауда да жанданған: 2025 жылдың қаңтар-тамызында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен өзара сауда көлемі 917,3 млн АҚШ долларын құраған, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,4 %-ға артық. Экспорт 683 млн долларға жеткен (5,9 %-ға арту), ал импорт 234,3 млн доллар болды – импорт көлемінің күрт өсуі байқалады (71,8 %-ға артқан).Бұл сыртқы нарықтағы белсенділіктің артуы өңір үшін әлеуетті тәуекелділікті де білдіріп – импортқа тәуелділіктің артуы, валюта тәуекелі және сауда теңгерімінің бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.

 

Қазіргі таңда қаладағы жұмыспен қамту саласында да айтарлықтай өзгерістер жүріп жатыр. 2025 жылдың екінші тоқсанында облыста жұмыссыздар саны шамамен 40,1 мың адамды құрады, көрсеткіштер бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда тұрақты. Сонымен бірге халық саны да өсіп келеді – 2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі статистикаға сай, облыс тұрғындарының саны 2 147,8 мың адамға жеткен, оның ішінде қалалықтар саны – 544,1 мың (тәуелділік өсімі тұрғысынан маңызды көрсеткіш).

 

Қысқа мерзімді экономикалық өсім (ҚМЭИ) индикаторы бойынша Түркістан облысы 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысында 120,4 %-ға жетіп, республикалық рейтингте бірінші орынды иеленді. Бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші – тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары болған. Сонымен қатар, аймақ бюджетінің кірістері де күшейген: 2025 жылдың мамыр айына дейін жергілікті бюджетке 114,3 млрд теңге түскен, бұл жоспарланған меженің 114,7 %-ын құрады, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістің өсімі 16 %-ға бағаланған.Айта кету керек, инвесторлар үшін Түркістан қаласының тартымдылығы артып келеді: соңғы төрт жылда қала экономикасына тартылған негізгі капитал көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құраған, және оның жартыдан көбі жеке сектордан келген. Бұл индустриалды аймақтарда жаңа жобалар іске қосуға, сондай-ақ 3 050-ден астам жұмыс орнын ашуға жол ашты.

 

2024 жылмен салыстырсақ 2025 жылға қарай Түркістан қаласы (және облысы) экономикасында айтарлықтай өсу болған. ЖӨӨ-нің нақты өсуі, инвестициялардың көптеп тартылуы, сауда мен өнеркәсіп көлемінің ұлғаюы – экономиканың әртараптануының нақты белгісі. Алайда, баға тұрақсыздығы (инфляция), экспорт-импорт теңгерімінің өзгеруі және жұмыссыздық сияқты  мәселелер өзекті болып қала бермек. Алдағы уақытта тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін жергілікті басқару органдары мен бизнес секторға инфрақұрылымды дамыту, инвестициялық жобаларды тиімді іске асыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі саясат қажет болатын секілді. Айту жеңіл болғанымен, нәтижеге қол жеткізу үлкен жұмысты қажет етері белгілі.

 

JSK Enter Media

Автор: admin