• 12 января, 2026 4:38 дп

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 10 МЛН МЕТР ДЖИНСЫ МАТАСЫН ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ АШЫЛАДЫ

Автор:admin

Дек 20, 2025

Түркістан қаласының экономикалық ахуалын жақсарту, өңірге инвестиция тарту, отандық өндірісті дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін осы мақсатта Түркістанда кезекті жоба бастау алып, джинсы маталарын шығаратын кәсіпорынның іргетасы қаланды. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй қатысып, мақта-мата жібін иіру мен джинсы маталарын өндіру желілерінің құрылысының капсуласын салды.

– Бүгін Түркістан өңірінің жеңіл өнеркәсіп саласында стратегиялық маңызды жобаның іргетасы қалануда. Арнайы экономикалық аймақта «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-нің джинсы маталарын өндіру зауытының құрылысы басталады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағытын айқындап берді. Жолдаудың басты идеясы – мемлекетімізді инновация мен цифрлық технологияға негізделген экономикаға көшіру. Біріншіден, экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Бұл ретте біз Түркістан облысында мақта кластерін дамытуды бастап кеттік. Бұдан былай өңірдегі мақта 100 пайыз өзімізде өңделіп, дайын өнімдер шығарылады. Солардың бірі – бүгін іргетасы қаланған зауыт еліміздің тоқыма өндірісін жаңа деңгейге шығарады. Мұнда жылына 30 мың тонна мақта-мата жібі мен 10 млн метр джинсы маталары өндіріледі. Дайын өнімдер Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Жоба толық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда.  Бұл – Түркістан облысындағы ивестиция тарту жұмыстарының жарқын жемісі. Біздің алдымызда Түркістан облысын өзін толық қамтитын әрі терең өңдеу саласы дамыған  өңірге айналдыру міндеті тұр. Өйткені, Түркістан – жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қолайлы өңір. Бұл жаңа зауыт – импортты алмастыруға, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған ірі жоба. Осы нысан іске қосылғанда Түркістан – Қазақстандағы тоқыма орталықтарының біріне айналары анық. Сондықтан жобаға атсалысқан инвесторларға алғысымды білдіремін! Жаңа жоба сәтті жүзеге асып, Түркістанның өндірісі дами берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.  Аталған нысанда жылына 10 млн метр джинсы маталары өндірілмек. Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ мұнда мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Нысанның жалпы аумағы 20 гектарды қамтиды. Зауыт жұмысына қажетті жабдықтар толық заманауи технологиялармен қамтылады. «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан нысан жеке инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаны үш кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр.  Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтар, шағын өндірістік парктер мен арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын жандандыру нәтижесінде 10 айда өнеркәсіп өнім көлемі 1,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады. Түркістан қаласы соңғы жылдары аймақтық ғана емес, жалпы ұлттық деңгейдегі экономикалық орталыққа айналып келеді. Қалада жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық өзгерістер, инвестициялық тартымдылықтың артуы және мемлекет тарапынан ұсынылып отырған жаңа бағдарламалар кәсіпкерлік белсенділікті күшейтіп қана қоймай, ішкі нарықты жүйелі түрде реттеуге жол ашады. 2025 жыл Түркістан кәсіпкерлері үшін ерекше белсенді, нақты шешімдер қабылданған, кешенді қолдау көрсетілген жыл болды, бұған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлерді қолдау палатасы мен қалалық әкімдік бірлесіп атқараған шаралар дәлел. Ең алдымен, қалада 350-ге жуық кәсіпкерлік және өндірістік бағыттағы жобаның әкімдік тарапынан тікелей сүйемелденуі ішкі нарықты жандандырудың негізгі тіректерінің бірі болды. Түркістан облысында әкімдіктің сүйемелдеуімен шамамен 343–350 жоба қазіргі уақытта іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың жалпы құны 31,3 млрд теңгені құрайды және 2 000-нан астам жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Жобалардың ауқымы да сан салалы: шағын және орта бизнес, индустрияландыру бағыты, өндірістік парктер, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету сегменттері. Бұл салалардың әрқайсысы ішкі нарықтағы ұсыныс көлемін ұлғайтып, бәсекелестіктің күшеюіне, тұтынушы таңдауының кеңеюіне әсер етуде. 2025 жылдың тағы бір маңызды оқиғасы-Түркістанда алғаш рет ресми түрде «Кәсіпкерлер күні» аталып өтуі. 29 қазанда өткен бұл мереке кәсіпкерлердің қоғамдағы орнын мойындап, бизнес өкілдерінің беделін арттыруға бағытталды. Мұндай қадам шағын және орта бизнес өкілдері үшін символдық тұрғыдан да, ынталандыру тұрғысынан да маңызды. Өйткені кәсіпкерлердің еңбегі мен ел дамуына қосқан үлесін ресми мойындау бизнес қауымдастығының рухани және әлеуметтік мәртебесін көтереді. Сонымен бірге, бұл күн алдағы уақытта да түрлі форумдар, көрмелер, шеберлік іс-шаралары арқылы кәсіпкерлік ортаны жандандыратын маңызды алаңға айналмақ. Түркістан қаласының ішкі нарықты тұрақтандырудағы тағы бір маңызды тетігі- «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының белсенді іске асырылуы. Аталған бағдарлама кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, субсидия, кепілдік беру секілді нақты қаржылық қолдау құралдарын ұсынып отыр. Мысалы, инвестициялық жобалар үшін 3 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыру үшін 2 жылға дейін несие беріледі. Кей жағдайда банктік несие сомасының 85%-ына дейін мемлекеттік кепілдік қарастырылған. Жаңа бизнес-идеяларға арналған мемлекеттік гранттар да бар. Бағдардың басты артықшылығы-сала бойынша шектеу жоқ: өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу немесе туризм болсын, кез келген кәсіпкер өтініш бере алады. Осыған қосымша, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да Түркістанда белсенді қолданылып келеді. Бұл бағдарлама отандық өнім шығаруға, өңдеу өнеркәсібін күшейтуге басымдық береді. «Даму» қоры арқылы несие беру, кепілдік беру тетіктері кәсіпкерлердің өндірістік жобалар бастауына жол ашып отыр. Ішкі нарықтың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатын жергілікті кәсіпорындардың көбеюі-бағаны тұрақтандыру, тасымал шығындарын азайту және сапалы тауар ұсынысын арттыруға тікелей әсер ететін фактор. Түркістан қаласында кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен әкімдік бірлесіп, мемлекеттік қолдау механизмдерін түсіндіретін арнайы кездесулер, семинарлар және ашық алаңдар ұйымдастырған. Бұл шаралар грант алу тәртібі, субсидиялау мүмкіндіктері, жеңілдетілген несие шарттары туралы бизнесті жаңа бастаған азаматтарға да, тәжірибелі кәсіпкерлерге де нақты бағыт-бағдар береді. Сонымен қатар құжат дайындау, өтінім беру, бизнес-жоспарды рәсімдеу секілді процестерде кәсіпкерлерге тегін сүйемелдеу көрсетілуде. Түркістандағы ішкі нарықты реттеудің тағы бір маңызды тұсы-білім беру және кеңес беру бағдарламалары. «Бизнестің жол картасы – 2025» аясындағы қаржылық емес қолдау құралдары арқылы кәсіпкерлер бизнес-жоспар жасауды, қаржылық сауаттылықты, маркетинг пен басқару дағдыларын меңгеруге мүмкіндік алады. Бұл-әсіресе нарыққа жаңадан кірген жас кәсіпкерлер үшін аса тиімді ресурс. Дәл осы жас буын-өңірдің жаңа экономикалық діңгегі болуға қабілетті топ. Осының барлығын саралай келе, 2025 жылы Түркістан қаласында кәсіпкерлік ортасын нығайту бағытында кешенді шаралар қабылданғанын байқаймыз. Әкімдік деңгейіндегі жобаларды сүйемелдеу, жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары, білім беру және кеңес беру орталықтары, ресми кәсіпкерлер күнінің енгізілуі-ішкі нарықты реттеп, бизнестің тұрақты дамуына ықпал ететін шешуші факторлар. Түркістан алдағы жылдары да өңірдің экономикалық драйвері болуға толық әлеуеті бар қала. Жергілікті өндірістің кеңеюі, шағын және орта бизнес өсімі, мемлекеттік қолдау жүйесінің дамуы-қаланың ішкі нарығын тұрақты ұстап тұратын негізгі күш болып қала бермек.

JSK ENTER MEDIA

Автор: admin