• 23 декабря, 2025 1:37 пп

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ КӘСІПКЕРЛЕР БӘСЕКЕЛЕСТІГІ: ЖЕРГІЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Автор:admin

Дек 21, 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті ел экономикасының өзегі деп бағалап, «бизнеске ешкім кедергі келтірмеуі тиіс, мемлекет кәсіпкердің жолын ашуға міндетті» деген ұстанымды бірнеше рет атап өткен болатын. Мемлекет басшысының бұл пікірі бүгінде Түркістан қаласында нақты іске асып, кәсіпкерлер арасындағы нарықтық мәдениеттің жаңаша қалыптасуына әсер етіп отыр.

 

Түркістан соңғы жылдары ішкі нарығы тез дамып жатқан аймаққа айналды. Қалада жаңа нысандар көбейген сайын кәсіпкерлер арасындағы бәсекелестік те күшейіп келеді. Бәсекелестіктің артуы — қызмет сапасының жақсаруы, баға саясатының тұрақтануы, нарықтың табиғи түрде реттелуі деген сөз. Әсіресе туризм, қоғамдық тамақтану, шағын өндіріс және қызмет көрсету салаларында кәсіпкерлер тұтынушы үшін сапа мен сервисте жарысып үлгеріп жатыр.

 

Бұл өзгерістердің артында — жергілікті әкімдіктің жүйелі қолдауы бар. 2025 жылы Түркістанда 350-ге жуық жоба әкімдік тарапынан сүйемелдеуге ие болып, жалпы құны 31,3 млрд теңгеге жетті. Бұл жобалар 2 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашып, ішкі нарықтағы бәсекелестік күшін арттырды. «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлер жеңілдетілген несие, субсидия мен кепілдік алып, өз саласында бәсекеге қабілетті бола бастады. Сонымен қатар кәсіпкерлерге ақпараттық және консультациялық қолдау көрсету-нарықтың сауатты қалыптасуына қосылған үлкен үлес. Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының түсіндіру кездесулері, оқыту бағдарламалары, гранттық мүмкіндіктерді таныстыру-кәсіпкерлікті реттейтін мәдениетті нығайтып келеді.

 

Түркістанның қазіргі нарықтық моделін шетел тәжірибесімен салыстырсақ, ең ұқсас бағыт — Түркия туризм аймақтарындағы кәсіпкерлік қолдау моделі. Анталия, Кония немесе Каппадокия өңірлеріндегі инфрақұрылым толық дерлік дайын күйде ұсынылып, кәсіпкерлерге маусымдық субсидиялар беріледі. Өзбекстанның Самарқанд пен Бұхара қалалары да туристік кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер ұсынып, ішкі нарықты реттеуді бизнес пен билік арасындағы серіктестік арқылы шешіп жүр. Түркістан да осы модельдерге жақындап келеді. Индустриялық аймақтардың дамуы, логистиканың жақсаруы, туристік орталықтардың көбеюі кәсіпкерлерге өзара адал бәсекеде дамуға мүмкіндік береді.

Түркістан қаласының ішкі нарығы бүгінде кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік саясаты, әкімдіктің нақты қадамдары және халықаралық тәжірибені тиімді бейімдеу нәтижесінде реттеліп отыр. Қаладағы бәсекелестік-экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші, ал жергілікті кәсіпкерлер-қаланың болашағын қалыптастыратын негізгі күшке айналуға қарсы емес секілді.

JSK Enter Media

Автор: admin