Киелі Қазығұрт төрінде өнер, мәдениет саласындағы қызметті насихаттау мақсатында, аудан әкімдігі мен демеушілердің қолдауымен «QAZYGURT FEST» атты он мыңға жуық адам жиналған гала-концерт өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, “Жұмысшы мамандықтар жылы” қарсаңында өз саласында адал қызмет атқарып жүрген бір топ еңбек адамдары мен үздік мекемелерді алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ, концерт барысында аудан жастары “1 тамызды – Қазығұрт жастары күні” деп атап өтуді ұсынды. Елдің болашағы саналатын жастардың бұл ұсынысын аудан әкімі қолдап, жастардың бастамаларына әрдайым ашық екенін жеткізді.
Сахна төрінде елімізге танымал эстрада жұлдыздары Өктем Алтаев, Қайрат Түнтеков, Серік Ибрагимов, Әділет Жауғашар өнер көрсетті. Сондай-ақ, жастардың сүйікті орындаушылары Ақсұңқар, Диана Алдабергенова, Әділ, Әли, Бағдат, Баянсұлу, Есқара Бейбітов және аудандық мәдениет сарайының әншілері көпшілікке керемет әндерін тарту етті.
Ерекше көңіл-күй сыйлаған ең танымал әзіл жобасы “Jaidarman” ойындарының жұлдыздары: “Абырой”, “Ақбұлақ”, “Самал 3” командалары өздерінің тапқыр әзілдерімен көрерменге күлкі сыйлады. Концерт соңында отшашу ұйымдастырылды.
Концертке жиналған көрермендер мерекелік шарадан ерекше әсер алды. Жастар мен отбасылар бірге уақыт өткізіп, өнердің әр саласындағы таланттарды тамашалады. Осындай ірі мәдени шаралар аудан тұрғындарының шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, өнерге қызығушылығын арттыруға үлкен ықпал етеді.
Сонымен қатар, «QAZYGURT FEST» өз ерекшелігімен тек музыкалық концерт қана емес, өнер мен мәдениеттің барлық саласын насихаттайтын фестиваль ретінде ерекше есте қалды. Сахнада көрініс тапқан әрбір өнерпаз өз шеберлігін паш етіп, ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастырды.
Аудан әкімдігі мен ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай шараларды тұрақты өткізу арқылы Қазығұрт өңірінде жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту, мәдени өмірді жандандыру және елді біріктіру бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Болашақта фестивальдің ауқымын кеңейтіп, жаңа шығармашылық және спорттық іс-шараларды қосу жоспарланып отыр.
Jsk ақпараттық агенттігі
