Бүгінгі Түркістан шаһары – мемлекеттік тілдің барлық нұсқаларын сақтап қалған, тіл мәдениеті табиғи түрде дамып, қоғам өмірінен тысқары қалмай, күнделікті коммуникация тілі ретінде тұрмысқа терең енгізген ерекше аймақ. Статистикалық деректер бойынша, өңір тұрғындарының 90%-дан астамы қазақ тілін еркін меңгерген, ал этнос өкілдерінің 92%-ы қазақша сөйлейді. Бұл – тілдің аймақта тек мемлекеттік статусқа ие ғана емес, күнделікті тұрмыстың, бизнестің, білім беру мен мәдениеттің басты коммуникациялық құралына айналғанын көрсетеді, оған аралас мектептердегі қазақ тілінің оқыту шеберлігі әсер еткені анық.
Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда бүгінгі Түркістанның позициясы әлдеқайда жоғары: мысалы, Солтүстік Қазақстандағы көрсеткіштер 50–60% деңгейінде қалып отыр. Демек, Түркістан өңірі тіл саясаты реформаларын жедел қабылдап, оны нақты нәтижеге айналдыра алған санаулы аймақтардың бірі. Тіл оқыту орталықтарының көптігі (деректер бойынша-17 орталық), жыл сайын мыңдаған адамның қазақ тілін меңгеруге ниет білдіруі, облыстың мәдени саясаты – осының дәлелі. Дегенмен тіл-оқу орталықтарынсыз да, адамдардың жеке ниетінің арақасында шұбарланбай келеді. Түркістанда қазақ тілі күнделікті өмірде үстемдік етіп қана қоймай, жаңа буынның әлеуметтік медиадағы контентін қалыптастырып жатқан орталыққа айналғаны байқалады. Ендеше тілдің дамуы тек ресми саясатпен байланысты ғана емес, халықтың өз ішкі сұранысымен жүріп жатыр дегенге риясыз сенесіз. Ендігі кезекте Түркістанның тәжірибесі өзге өңірлерге – әсіресе солтүстік аймақтарға – тіл саясатын іске асыруда үлгі боларлық модель ретінде қарастыруға әбден лайық. «18 жастан асқан тұрғындардың 90%-дан астамы қазақ тілін еркін меңгерген» деген статистикалық факті арқылы, Түркістан қаласы Тіл саясаты бойынша Қазақстандағы ең жоғары көрсеткіші бар өңір атағын даусыз алады.
Түркістан бағзыдан этнос аралық өлшемге еркін сиятын қала болды. Мұнда түркі тілдес ұлттар мен қатар, славиян ұлтының өкілдері де өмір сүреді. Қаладағы түрлі этнос өкілдерінің 92%-ы қазақ тілінде сөйлейді. Ал қазақ тілінде сөйлей алмайтын ұлт өкілдерінің өзі сөздің мағыналық мәнін ұғады. Яғни сөйлемесе де, түсінеді. Әрине, бұл дегеніміз – этносаралық коммуникациядағы үлгілі боларлық мысал.
2023 жылы 1868 адам қазақ тілін арнайы орталықтарда оқыған деген мәліметтер таптық. Оның 607-сі – өзге этностар екен. Ал қазір Түркістанда 17 тіл орталығы ресми түрде жұмыс істейді. Жекелей үйінде тіл үйететін жандар да көп. Расымен, еліміздегі Оңтүстік аймақтарда қазақ тілін қолдану деңгейі 85–95% аралығында болса, солтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш 50–60% шамасында. Түркістаннан кейінгі орынға-Қызылорда мен Жамбыл өңірі жайғасады. Шырайлы Шым шаһарды бұл тізімге қосуға әбден болады. Ал Солтүстік өңірлердегі қазақ тілін меңгеру деңгейін қарасақ, Түркістаннан 30–40% төмен.
Білім басқармасының журналистерге береген дерегіне сүйенсек, Түркістанда қазақ сыныптарының үлесі — 92–95%, ол жыл санап артып келеді. Бұл көрсеткіш республикалық орташа деңгейден 10–15% жоғары.
Сонымен қатар, Түркістан — қазақ тіліндегі мәдени іс-шараларды ең көп өткізетін өңір. Мұнда жыл сайын жүздеген тілдік фестиваль, семинар, байқаулар өтеді. “Қазақстан халқы тілдері күні” шарасы өңірде ерекше форматта ұйымдастырылады.
РЕФОРМАЛАР МЕН МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ: Президент бекіткен 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясаты реформалары Түркістанда толық іске асырылып жатыр және цифрлық қазақ тілі жүйесі, жаңа оқулық үлгілері, латын графикасына дайындық кезеңдері де басталған.
Білім басқармасының біздің редакцияға берген ақпараттарына сүйенсек, Түркістан-«үш тілді меңгеру» бағдарламасында қазақ тілі басым қолданылатын жалғыз аймақтардың бірі екен.
ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ФАКТІЛЕРІ
DEMOSCOPE зерттеу бюросы Республикамыздағы жалпы халықтың 30,8%-ы қазақ тілінің даму динамикасын толық қолдайды, ал 33,8%-ы тіл алуандығын қолдайды деп жариялады. Түркістандағы респонденттердің басым бөлігі — қазақ тілінің кеңеюін құптайтын болып шықты. Тағы бір қызықты дерек: Әлеуметтік желілерде Түркістан – қазақша контент көп шығатын өңірлердің бірі. TikTok, Instagram, YouTube-тағы қазақ тіліндегі контенттің басым бөлігі Түркістан, Шымкент, Қызылорда өңірлеріне тиесілі.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық деңгейде Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген, бірақ халық арасында әлі күнге дейін пікір алуандығы сақталып отыр.
Түркістан қаласы мен облысында қазақ тілінің реформасы нақты сандармен де, сандарсыз да көрініп тұрады. Мұндағы әр тұрғын тіл үйренуге келгенде белсенді. Мемлекеттік тілдің рөлі күшейіп келеді және әлеуметтік саясат бағыттары осы үрдісті қолдай отырып, жалғаса бермек. Бастысы өңірдегі тіл саясаты һәм стратегиясы-Қазақстанның басқа өңірлеріндегі тіл мәселелерін шешу жүйесіне үлгі боларлық. Кішіпейілділік әрі туған жерге құрмет-әр Түкістан азаматының бойында бар. Бұл қуаныш, үлгі, кейде мақтаныш та.
JSK Enter Media
