• 18 декабря, 2025 4:30 пп

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАЛЫҚ ҚАЙСАР ШАМШИДИНОВ «ТҮРКІСТАН БАРЫСЫ» АТАНДЫ

Автор:admin

Дек 17, 2025

Ұлттық спортты дамытуға серпін беретін дәстүрлі турнирдің бірі – «Түркістан барысы». Шардара ауданында қазақ күресінен ересектер арасындағы «Қазақстан барысы» республикалық турниріне Түркістан облысы бойынша іріктеу додасы өз мәресіне жетті. Дүбірлі дода Шардара аудандық спорт кешенінде өтіп, бозкілемде облысымыздың аудан-қалаларынан келген үздік балуандар күш сынасты.

Жарыстың ашылу рәсімінде Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков пен Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров балуандарға жеңіс тіледі. Тартысты өткен турнир қорытындысы бойынша шардаралық Қайсар Шамшидинов «Түркістан барысы» атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Екінші орынды Түркістан қаласының өкілі Бибарыс Әбдіғани еншіледі. Ол да республикалық турнирге қатысу мүмкіндігін жеңіп алды. Үшінші орын Сауран ауданының балуаны Нышанбай Құдайбергеновке бұйырды. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге бағалы ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Күрес тойына арнайы келген ақсақалдар, спорт ардагерлері, жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, спортшылар мен ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

«Түркістан барысы» – өңір спортының дамуына серпін беретін, ұлттық күрес өнерін дәріптейтін маңызды спорттық шара. Жеңімпаз балуандар алдағы уақытта өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде Түркістан облысының намысын қорғайды.

Түркістан облысында қазақ күресіне деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Әр ауданнан жиналған мықтылардың өнері өзара бәсекенің ғана емес, өңір спортшыларының әлеуетінің жоғары екенін көрсетті. Шардара төрінде өткен биылғы іріктеу сыны жас балуандарға да үлкен үлгі болып, олардың да қазақ күресіне деген қызығушылығын арттыра түсті.

Ұлттық спортты дамыту бағытындағы мұндай додалардың маңызы зор. «Түркістан барысы» турнирі жасөспірімдер мен жастарды шынығуға, салауатты өмір салтын ұстануға, жігерлі болуға шақырады. Сонымен қатар өңірдің спорт инфрақұрылымын жақсартып, халықаралық деңгейде танылатын жаңа чемпиондардың қалыптасуына жол ашады.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin