Түркістандық оқушылар Көкшетау қаласында өткен республикалық “Ақберен” өнер байқауында жеңімпаз атанды. 8-11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан сайыс – дарынды жастардың басын қосып, олардың шешендік өнерін, ой ұшқырлығын, тіл байлығын паш етуге арналған рухани алаң.
Көкшенің төрінде Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты С. Ерубаев атындағы №7 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Жібек Қалихан 1-орынды жеңіп алды. Ол шешендік өнер жанры бойынша шашасына шаң жұқтырмаған. Ал, мәнерлеп оқу жанрында сынға түскен қалалық білім бөліміне қарасты №16 мектептің 11-сынып оқушысы Қасымхан Исахан 2-орынды қанағат етті. Сондай-ақ, ұлттық аспапта өнер көрсету сайысында сайрамдық Дина Алихан, ақындар айтысы жанрында Мұхаммедали Әбсадық және жазба ақындар мүшәйрасында Мақтаарал ауданының оқушысы Диянұр Нәзірқұл үшінші орындарға жайғасты. Өнерлілер сайысында командалық есеп бойынша Түркістан облысының оқушылары үздік үштікке енді.
«Ақберен» – жас таланттарды танытып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашатын ерекше алаңдардың бірі. Байқаудың негізгі ерекшелігі – әр оқушының сахнада өзін еркін танытуына, ұлттық рухта тәрбиеленген қабілеттерін көрсетуіне мүмкіндік берілуі. Түркістандық оқушылардың осындай ірі додада жоғары деңгейде өнер көрсетуі – облыстағы білім беру ұйымдарының тәрбиелік және мәдени бағыттағы жұмысының нәтижесі екенін айғақтайды.
Байқау барысында қатысушылар шешендік өнер, көркемсөз, күй және дәстүрлі ән өнері, айтыс, жазба поэзия сынды бірнеше бағытта бақ сынады. Әр номинацияда бәсеке жоғары болды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жүздеген жас өз қабілетін сарапқа салып, ұлттық өнердің сан алуан қырларын көрсетті. Осындай тартысты додада Түркістан облысының шәкірттері алдыңғы орындардан көрінуі – олардың таланты мен табандылығының жемісі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған ұстаздардың еңбегі де ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар оқушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, өнерге деген құштарлығын оятып, үлкен сахнаға шығуға бағыт-бағдар беріп отыр. Әсіресе шешендік пен поэзия саласында жетістікке жеткен шәкірттердің сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда атқарылған жұмыс байқау барысында айқын көрінді.
Жыл сайын өтетін «Ақберен» байқауы жас буынның бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, сөз өнеріне деген құрметті арттырады. Биылғы жарыста Түркістан облысы оқушыларының үздік үштікке енуі – өңірдегі талантты жастардың әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл жетістік өнерлі өрендерді қанаттандырып қана қоймай, облыстың абыройын асқақтата түсті.
Jsk ақпараттық агенттігі
