• 3 мая, 2024 5:38 пп

Түркістан облысының кәсіподақтары: адал еңбек, әлеуметтік бастамалар!

Автор:admin

Июл 7, 2023

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Жолдауы кәсіподақтар қызметіне қарқын бергені сөзсіз. Ал Түркістан облысының бүгінде жұмыстары қалай атқарылып жатыр! Хәл-жағдайы қалай?!. Осы сұхбаттан Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар бола аласыз. Жалпы, кәсіподақ ұйымының жұмыстарының басты мақсаты – еңбек адамының әлеуметтік және еңбек қатынастары саласындағы заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау. Президент Жолдауында саяси жаңғырудың өзекті мәселелері, қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек адамына деген құрметті арттыру мәселелері көтерілді. Кәсіподақтар әрдайым адал еңбекті дәріптеп, еңбек құндылықтарын жоғары ұстап келеді. Кәсіподақтардың тарихы Батыс Еуропа және АҚШ-пен тығыз байланысты. Себебі, бұл ұйым XVIII ғасырдың аяғында осы елдерде пайда болған. Германия мен Еуропаның басқа елдерінде XIX ғасырдың 30-40 жылдары құрылған. Ал, Қазақстанда кәсіподақтар 1905-1907 жылдары өз жұмысын бастады. Жұмысшылардың, қызметкерлердің, ұжымшар еңбекшілерінің әлеуметтік сақтандырылуын басқару қызметі, шаруашылық есептегі санаторий мен демалыс үйлерінің бәрі солардың қарауына берілді. Әрбір кәсіподақ халық шаруашылығының қызметкерлерін біріктіріп, ұйымдаса жұмыс істеуге ықпал етті. Бүгінде елімізде кәсіподақтар әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіріп, рухани бағытта түрлі шаралар ұйымдастырып, еңбеккерлерді лайықты демалысқа жіберумен айналысады. Түркістан облысында “Түркістан облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы” қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Айжанов Мәжит Мамытұлы. Филиал төрағасымен мерекеге орай кездесіп, кәсіподақ тынысы жайлы сұхбаттасқан едік. -Мәжит Мамытұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын! -Рақмет! -Мәжит Мамытұлы, тарихқа көз жүгіртсек, қоғам дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы үшін кәсіподақтар айтарлықтай ықпал жасағанын көреміз. Ал, бүгінгі қоғамда кәсіподақтың пәрменділігі қандай деңгейде деп ойлайсыз? -Кәсіподақтар қоғамның саясы жүйесінің құрамдас бөлігі бола отырып, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өркендеуі үшін еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын, еңбекшілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға әрі көтере түсуге ықпалын тигізу үшін ерекше мәнге ие. Қазақстан кәсіподақтарының Федерациясы қоғамдағы өз орнымен ықпалын сақтап қалған, қатарында екі миллионға жуық, ал салалық білім және ғылым қызметкерлерінін кәсіподағы өз құрамында 620 мыңнан аса мүшесі бар еңбекшілердің ең ірі және беделді ұйымы болып табылады. Ұйымның жетекшілері мен белсенділері еңбек адамының барлық құқықтарын сақталуына жұмыс жасап жүрген қайраткерлер. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 123 мыңнан астам еңбек адамы кәсіподақ мүшелігімен қамтылған болса оның 67 мыңнан астамы білім және ғылым саласының өкілдері. Жуалы аудандық филиалы әлеуметтік әріптеспен бірлесіп 2021-2023 жылдарға жасалған Ұжымдық шартты басшылыққа ала отырып еңбек қатынастарының жоғарғы деңгейде орындалуына қолда бар заңды тетіктерді пайдаланып қызмет атқаруы бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбек шарты мен Ұжымдық шарттың орындалуына әрдайым лайықты еңбек ортасын қалыптастыруға және әлеуметтік әріптестік аясында еңбек адамына қолайлы әлеуметтік жағдай туғызуға өз ықпалы тигізіп келеді. -Бастауыш кәсіподақ ұйымы – рухани және материалдық жағынан салмақты орны бар ұйым. Ауданда білім мекемелерінде қанша бастауыш ұйым және оларда жалпы қанша мүше бар? -Аудандық білім беру мекемелерінде барлығы 75 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған және оларда 4131 мүше қамтылған. – Кәсіподақ ұйымының жұмыс тәжірибесінде ең қуатты құрал – бұл ұжымдық шарт. Әлеуметтік еңбек қатынастары мәселелерінің басым бөлігі ұжымдық шарттар арқылы реттеледі. Кәсіподақ ұйымы жұмысының негізгі мақсаты – қызметкерлердің құқығын қорғау. Жыл ішінде осы мақсатта атқарған жұмыстарыңызға тоқталсаңыз? -Ұжымдық шарт 2021-2023 жылдарға 2021 жылдың 20 қаңтарында екі тарап- аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті қол қойып, бекітілген болатын. Ағымдағы жылда Ұжымдық шартқа екі рет қосымша келісім жасалды. Бірінші қосымша келісім 2022 жылдың 22 сәуірінде жасалды. Аталған қосымша келісімде бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ауданымызда білім беру ұйымдарының басшылары зейнет жасына жетіп немесе басқа да әртүрлі жағдайлармен жұмыстан шығып кетеді. Басшы лауазымына конкурс жарияланып, конкурс ұйымдастырылып басшы келгенше директордың орынбасары ұзақ уақыт басшы қызметін атқаратын жағдайлар орын алды. Сол себептен тараптар бiлiктiлiк санатын бұрын алған директордың орынбасарының бiлiм беру ұйымының басшысы лауазымына конкурс бойынша тағайындалған жағдайда басшының орынбасарының санаты оның мерзiмi аяқталғанға дейiн басшы лауазымында сақталатыны туралы келiсiмге келдi. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 аттестаттау Ережелерін бекіту туралы бұйрығына сәйкес педагогтар зейнет жасына жетуіне екі жыл уақыт қалғанда аттестаттаудан босатылады деп белгіленген. Қосымша келісіммен зейнеткерлікке дейін төрт жылдан аспайтын мерзім қалған педагогтерге біліктілік санатының қолданылу мерзімі сақталады деген келісімге қол жеткізілді. Заңнамалық актіде дәретханаларды тазалауға арналған залалсыздандыру құралдарын пайдаланатын қызметтік бөлме тазалаушыларына 30 пайыз қосымша төлем қарастырылған, қосымша келісіммен бұл төлем 50 пайызға көтерілді, ол 2022 жылдың мамыр айынан бастап бүгінгі күнге дейін төленуде. Қосымша келісіммен барлық білім беру мекемелеріндегі қызметтік бөлмелерді тазалаушылар азаматтық қызметшілер тізіміне енгізілді. Бұл жағдай оларға емдік-сауықтыру жәрдемақы алуға және ұзақтығы 36 күнтізбелік күн еңбек демалыс алуға құқық береді. Жаз мезгілінде еден тазалаушылар кезекті еңбек демалысқа 36 күнге шығып, оларға емдік-сауықтыру жәрдемақы төленді. 2022 жылдың 12 қыркүйегінде 2022-2023 оқу жылында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген жаңа стандарттартардың қабылдануына және үлгілік оқу бағдарламаларының 12.08.2022 жылғы соңғы өзгерістерін ескере отырып, онымен байланысты өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі сынды жекелеген пәндер бойынша педагогтардың қысқаруына сәйкес бірқатар төмендегідей өзгерістер енгізілді: Білім беру ұйымдарының штатына енгізіліп отырған, «педагог-кәсіби бағдар беруші» лауазымы әрбір негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымына енгізілді, енгізу мерзімі 2022 жылғы 1 қыркүйек болып белгіленді. Аталған лауазымға өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі пәндерді бойынша қысқартуға жататын педагогтар тағайындалады. Жаңадан енгізіліп отырған «педагог-кәсіптік бағдар беруші» лауазымына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің 21 ақпан 2012 жылғы №57 бұйрығымен көзделген конкурстық рәсімдерсіз және ұлттық біліктілік тестілеу (ҰБТ) тапсырмастан сыртқы және ішкі ауыстыру жүргізілу; бұл жағдайда олардың пән бойынша біліктілік санаты сақталады, кезекті біліктілікті арттыру жалпы негізде жүргізіледі; өзін-өзі тану, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, технология, дене тәрбиесі және қысқаруы мүмін өзге де пәндер бойынша педагогтарды сыртқы немесе ішкі ауыстыру жүргізілген жағдайда, оның бұрын алған санаттары, мерзімі аяқталған уақытқа дейін,сақталады. Аудандық кәсіподақ комитетінде кәсіподақ мүшелеріне жеке қабылдау, WhatsApp желісі, телефон арқылы күнделікті еңбек қатынастары және құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңестер берілуде. Кәсіподақтар күні мерекесіне орай 2022 жылдың 04 қазанында аудандық комитетінде «Ашық есік күні» жарияланып, құқықтық кеңестер берілді. Оған 22 сала қызметкерлері қайырылып, жеке қабылдауда кеңестер алды. -Кәсіподақ ұйымының жұмыс бағыттарының бірі – қызметкерлердің еңбек демалысын тиімді ұйымдастыруға үлес қосу. Осы бағыттағы жұмыстарыңызды айтып берсеңіз. -Еңбек ұжымдарында кәсіподақтың ықпалын арттыру – басты назарда. Яғни, сала еңбеккерлерінің тынығуы, демалысы мен бос уақытын қызықты өткізуі мен рухани на ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, биылғы жылғы еңбек ұжымдарынан шипажайлармен туристік саяхаттарға 765 адам қамтылды, оның ішінде 627-і қызметкерлер,138-і балалар. Биылғы жылды Президентіміз Балалар жылы деп жариялануына байланысты сала қызметкерлерінің балалары да туристік саяхаттарға қамтылды. Сонымен бірге «Сарыаағаш», «Манкент», «Жаңақорған», «Мерке», «Мейірім-Мерке», «ГРЭС» «Айша-Бибі», «Жұмбақтас» шипажайлары біздің демалуға барған қызметкерлерге есіктерін айқара ашты. Түркістан, Алакөл, Ыстықкөл бағытындағы туристік саяхаттар ұйымдастырылды. -Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? -Ұжымдық шартты басшылыққа ала отырып бірлік, әділдік және ынтымақтастық қағидаттарында жұмыс жасау, әлеуметтік әріптестікті арттыру. Алдағы жоспарлы жұмыстардың бірі – барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарына есеп беру-сайлау жиындарын өткізу және аудандық комитетте конференция өткізудегі дайындық жұмыстарын жүргізу. Күнделікті жұмыстарға баса назар аударып, әр бастауыш ұйымның жұмыстарына тыңғылықты көмек беру. Сала қызметкерлері сапалы жұмыс жасау үшін олардың әрқайсысының еңбек жағдайының дұрыс болуын қадағалау. -Әңгімеңізге рақмет! Еңбектеріңізге тек сәттілік тілеймін!

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin