• 16 января, 2026 9:22 дп

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҰМАУҒА ҚАРСЫ 300 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЕКПЕ ЕГІЛГЕН

Автор:admin

Янв 16, 2026

2025-2026 жылдары эпидемиялық маусымында тұмау инфекциясына қарсы ресейлік «Гриппол+» екпесінің 271 348 данасы 100% егіліп, облыс тұрғындарының 12,8%-ы қамтылды. Бұл туралы брифингте Түркістан облысының санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов мәлімдеді.

«Зоонозды тері лейшманиозы бойынша облыста былтыр 56 жағдай тіркеліп, 2024 жылмен салыстырған аурушаңдық 2,2 есе төмендеген. Арыс, Шардара және Отырар аудандарында жыл сайын дезинсекция және дератизациялық жұмыстар жүргізіледі. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша 2025 жылы 124 елді мекеннің санитарлық қорғаныс аймақтарында жалпы көлемі 96 268 740 шаршы метр жер көлемінде алдын ала профилактикалық дезинсекция жұмыстары жүргізілді. Өткен жылы Сібір жарасына қарсы егуге жататын тиісті 2 974 адам жоспарланып, 100% екпе алынуы бақылауға алынды. Бруцеллез сырқаты бойынша ошақтарда ветеринариялық қызметкерлер тарапынан залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. 2025 жылы тұрғындар арасында құтыру ауруы тіркелмегенімен, жануарлардан жарақат алған 5 994 адамның барлығына егу тағайындалып, бекітілген мерзіміне сәйкес егілуі бақылауға алынды. Жергілікті әкімдіктер тарапынан бөлінген қаржы есебінен иесіз жануарларды аулауға 18 топ құрылып, 45 822 ит және 2 094 мысық ауланды», — деді спикер.

Автор: admin