• 23.06.2026 19:36

ТҮРКІСТАН: МАМАНДАР ТҰРМЫСТЫҚ ГАЗДЫ ПАЙДАЛАНУ КЕЗІНДЕ ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫН ҚАТАҢ САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Автор:jsk.kz

Июн 23, 2026

Түркістан облысында тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесі түйіткілді болып тұр. Соңғы үш жылдағы көрсеткіштер оқиғалар санының азаймай отырғанын көрсетеді. Атап айтқанда, 2024 жылы 110 оқиға тіркеліп, 245 адам зардап шексе, оның ішінде 20 адам қайтыс болған. 2025 жылы 112 оқиға тіркеліп, 284 адам зардап шексе, 17 адам көз жұмған. Бұл жайында «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Асқар Шипеков брифифнгте мәлімдеді.

«Газ тұтыну қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылыту маусымы кезеңінде 16 860 тұрғын үй тексеріліп, 98 қауіпсіздік талаптарын бұзу дерегі анықталды. Заңсыз орнатылған газ пештерін пайдаланғаны үшін 15 тұтынушы газ жүйесінен ажыратылды. Сонымен қатар, тұрғындарға 15 183 дана ескерту және түсіндіру парақшалары таратылды»- деді спикер.

Сонымен қатар, Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелхановтың айтуынша, облыс аумағында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үйлерде 96 өрт оқиғасы орын алып, олардан келген материалдық шығын 139 млн 440 мың теңгені құраған. Өрт салдарынан 8 адам жарақат алып, 18 адам қаза тапқан. 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымымен салыстырғанда тұрғын үйдегі өрт саны 51%-ға, материалдық шығын 44%-ға азайған.

«2024-2025 жылдардағы жылыту маусымымен салыстырғанда биыл улы газдан улану жағдайы көбейген. Негізгі себептер — мұржаның тозуы, уақытылы тазартылмауы немесе оның мүлдем болмауы. Түтін шығатын мұржаға уақытылы тексеріс жүргізілмейді және тазартылмайды. Сонымен қатар, қауіпсіздік және құрылыс нормалары талаптарын бұзып, газ-су жылытқыштарын жуынатын бөлмеге орнатылуы жиі кездеседі. Сондай-ақ, тұтынушылардың газ пайдалану құрылғыларын өз бетінше орнатуы жиі кездеседі. Кейбір тұрғындар қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдаланады. Тіпті тұтынушының жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орнатылған газдан автоматты ажырату құрылғыларын желіден ажыратып қойған деректер де анықталды. Осының салдарынан қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда. Өңірде әлеуметтік осал топтарға жататын халықтың есепке алынған тұрғын үйлерінің саны – 34 197. Жылыту маусымында әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғын үйлер толығымен араланып, түсіндірме жұмыстары жүргізілген. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде жалпы 8 449 дана құрылғы орнатылған» — деді Мейрамхан Жұбайханұлы.

Брифингке қатысқан Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтің айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан облысында 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газбен қамтылған. Жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 640-қа жеткізу көзделіп отыр.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Автор: jsk.kz